СҚО-да Жамбылдың 175 жылдығына орай бірегей мурал орнатылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Соның бірі жыр алыбы – Жамбылдың бейнесі бар мурал орнату, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай Петропавлда жырау, ақын, қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілінің мүсініне гүл қою рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков, ардагерлер қауымы, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов мерейтой жылы аясында өңірде ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау үшін түрлі форматтағы іс-шаралар өтетінін айтты.

«СҚО-да Жамбыл Жабаевтың есімі берілген бір аудан, 3 ауыл және 44 көше бар. Биыл жыр алыбының мерейтойына орай Жамбыл Жабаев атындағы көшелерді, елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ, Жамбыл көшесінде орналасқан тұрғын үйдің бірінің қасбетіне керамикалық төсемнен мурал орнату жоспарда бар», - деді Ғани Нығыметов.

Былтыр ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай облыс орталығында ұлы ақынның бейнесі бар сәулетті мурал орнатылды. Абай көшесінде тұрған алып панно жанынан шағын саябақ та ашылды. Композицияның ерекшелігі - бұл еліміздегі керамикалық тақтайшалардан жасалған әзірге жалғыз мурал.


Соңғы жаңалықтар