Шымкентте биыл халықаралық жеті іс-шара өтеді

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында халықаралық жеті іс-шара өтеді. Елімізде енгізілген карантин режиміне байланысты барлық шараларды онлайн форматта өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаевтың айтуынша, барлық шаралар тамыз айында басталып, жыл соңына дейін жалғасады.

«Осы уақыт аралығында халықаралық 7 мәдени шара өтеді. Олар – ТМД елдері арасында халық аспаптарында орындаушылардың «Достастық халықтарының музыкасы», қазақтың ұлы композиторы, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» эстрадалық әндерді орындаушылары, «Шымкент – қайырымды қала» балалар шығармашылығына арналған, «Достастықтың опера жұлдыздары» опера орындаушылары, ТМД елдерінің театр фестивальдері және Қазақтың ұлы ойшыл ақыны Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай сөзі» онлайн оқу мен ТМД елдерінің халықаралық музей апталығы. Айта кетейін, аталған іс-шараларға бюджеттен қаржы қарастырылмайды», – деді Р. Мыңбаев.

Спикердің сөзіне сүйенсек, елімізде төтенше жағдай енгізген уақыттан бері қалалық басқарманың 18 мекемесі тарапынан онлайн түрде 820 іс-шара ұйымдастырылған. 63 бейнеролик дайындалып, 300 мыңға жуық көрермен тамашалаған. Бұл мәдени шараларға қаржы жұмсалмаған. Яғни, аталған басқармаға бөлінген қаржы індетке байланысты толық қайтарылған. Осы ретте басқарма басшысы «Шымкент қалашығы» (Цитадель) нысанын қайта қалпына келтіру және абаттандыру мен мұражайландыру жұмыстары аяқталып жатқанын алға тартып, күз айында бітетінін айтты. Салтанатты ашылу рәсімі онлайн форматта өтеді деп күтілуде.


Соңғы жаңалықтар