Пойызда тыйым салынған діни кітап алып жүрген 4 қырғызстандық айыппұл төледі

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни мазмұндағы әдебиеттерді және өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға байланысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған жедел-алдын алу іс-шараларын үнемі өткізеді.
Департаменттің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов атап өткендей, өткен жылдың қазан айында Көліктегі полиция департаменті мен Луговой стансасының желілік бөлімше қызметкерлері жолаушылар пойызын тексеру кезінде Қырғыз Республикасының 4 азаматын ұстады. Олардың әрқайсысынан сараптама қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған діни әдебиеттер алынып, тәркіленді.
«Ұсталғандар Жамбыл облысы Меркі аудандық сотының шешімімен ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 453-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды және әрқайсысына 176 мың 500 теңге көлемінде айыппұл салынды», - дейді полиция полковнигі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 9-бабы 2-тармағына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпарат көздерін сатуға, таратуға және сақтауға тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген орындарда рұқсат берілген. Темір жол және әуе көлігі нысандарында оған тыйым салынады.