Күйеуінен қорлық көрген әйелдің жағдайын Ұлттық комиссия бақылауға алды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы облысында күйеуінен қорлық көрген әйел мен балалардың жағдайын ҚР Президенті жанындағы Әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссия бақылауға алды. Бұл туралы Ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова Facebook-тегі парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Президенті жанындағы Әйелдер мен отбасылық-демографиялық саясат бойынша ұлттық комиссия қоғам белсендісі Дина Таңсәрінің жазбасын қабылдады. Қамқоршылық органдары мен Алматы облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына отбасылық тұрмыстық зорлық құрбандарына барынша көмек көрсетуге шақырамын. Облыстық полиция департаментін барлық тиісті сараптамаларды тағайындап, рецидивисті жауапкершілікке тартуды тапсырамын. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін қамқоршылық және құқық қорғау органдары назардан тыс қалдырмауы керек. Өкінішке орай, бұндай жағдайлар ведомстоваралық жұмыстың әлсіздігін, әлеуметтік-психологиялық көмектің нашарлығын көрсетеді. Пробация жұмысының нашарлығы да анық. Жазаны өтеп келгендер үйіне келген соң да қылмысын еркін жалғастыра береді», - деді Ләззат Рамазанова.

Комиссия төрайымы тұрмыстық зомбылыққа куә болған кез-келген азамат азаматтық белсенділік көрсетіп, құқық қорғау органдарына хабарлап отыруын сұрады.

Еске сала кету керек, әйелдің жанайқайын Facebook -те «Немолчи» қорының өкілі Дина Таңсәрі жеткізген болатын.

Оның айтуынша, Алматы облысының тұрғыны күйеуінен қорлық көріп келген. Отасқандарына 1 жыл өтпестен ер адам әйелді ұрып, қабырғасын сындырып, алдыңғы некеден 9 және 4 жастағы екі ұлын да соққыға жыққан.

Бұрын жазасын өтеп келген еркектен қорыққан әйел полицияға хабарласу пайдасыз деп санаған.


Соңғы жаңалықтар