ҚР ІІМ Риддердегі бала өлімінен кейін халыққа үндеу жасады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі министрлігінің өкілдері Риддерде үй ауласынан жоғалған баланы іздеу жұмыстары қалай жүргізілгенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

9 сәуірдің кешінде Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласының полиция бөліміне көпбалалы ана жүгініп, 3-ке тола қоймаған ұлының ағаларымен сыртқа ойнауға шығып кеткен қалпы табылмай жатқанын хабарлаған.

«Кейін анықталғандай, балалар анасымен бірге көшеге шыққан. Анасы көршісіне кіріп, балаларын терезеден бақылап отырған. Сәлден соң далаға шыққан кезде, баласын таппай қалған. Басқа балалар да оның қашан және қайда кеткенін байқамаған», - дейді полиция қызметкерлері.

Көмекке келген сақшылар бірден балалар ойнап жүрген тұрғын үй маңын, көшелер мен үйлерді тексереді.

«Маңайдағы 10 көшеде 50-ден астам үй қаралып, дүкендердің бейнекамералары тексерілді. Алайда жазбалардан ештеңе табылған жоқ. Іздестіру түні бойы жалғасты. Оған 80-нен астам полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 50 әскери қызметшісі, құтқарушылар, төтенше жағдайлар департаментінің 3 кинологиялық тобы және 135 ерікті қатысты. Өкінішке қарай, жаңбыр жауып тұрғандықтан қызметтік иттер іздерді таба алмады», - делінген ресми мәліметте.

Бүгін таңғы сағат 9.30-да облыстың криминалдық полиция қызметкерлері Быструха өзенінің бойын қарау барысында, өзенде көлденең жатқан ағаштың жанынан (үйден шамамен 800 метр жерде) баланың денесін тапты.

«Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтады. Сондай-ақ баланы іздеуге қатысқан еріктілер мен қолдаушыларға алғыс білдіреді. Сонымен қатар, елдегі су тасқыны жағдайын ескере отырып, полиция көшеде жүрген балаларға абай болуды, кішкентай бөбектер мен кәмелетке толмаған балаларды су қоймаларының жанында жалғыз қалдырмауды сұрайды», - деп жазады ІІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2 жасар Арсений Кисилевтің денесі табылғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар