Коронавирусты қайта жұқтыру жағдайы Қарағанды облысында тіркелді - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусты қайта жұқтыру дерегі Қарағанды облысында тіркелгенін айтты. Ал Батыс Қазақстан облысындағы жағдай расталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында елімізде коронавирусты қайтадан жұқтырған адамдар туралы сұрақ қойылды.

«Кейбір елден осындай жаңалық шығып жатыр. Қайтадан ауырған адамдардың бір-екі жағдайы тіркелгенін әлем елдерінде дәрігерлер өздерінің ақпараттарында жазып жатыр. Батыс Қазақстандағы болған жағдай - ол Батыс Қазақстан облысында ең бірінші болған жағдай. Бірінші рет ол кісі ауырғанда эпидемиологиялық анамнезі, яғни кімнен жұққаны, қайдан келгені белгісіз болды. Сондықтан қазіргі таңда осыған байланысты қайтадан ауырды дегенді комиссия тарапынан мамандар қарап, есептемей отыр. Бірақ Қарағанды облысында қазір бір жағдай тіркелді. Бірінші жағдайында да аурудың толық клиникалық сипаты болған. Барлық инструменталдық, зертханалық анализбен дәлелденген. Екінші жағдай, осы қазан айының ішінде сондай аурумен қайта түсіп, ПТР-тесті оң болған. Сондықтан осыны біз қайтадан ауырған жағдай деп тіркеп отырмыз», - деді вице-министр.

Осы орайда ол Қарағанды облысында ауруды қайта жұқтыру нақты мәлімет ретінде тіркелгенін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Батыс Қазақстан облысында бір адамның коронавирусты қайта жұқтыру дерегі тіркелгені айтылған еді.