22:41, 10 Сәуір 2021 | GMT +6
Қазақстандық теннисшілер Хорватиядағы турнирдің жеңімпазы атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Хорватиядағы Сплит челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп финалда Польша өкілдері Шимон Валков – Ян Зелинскимен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда қазақстандықтар басымдылық көрсетті – 7:5.
Екінші сетте Польша жұбы тай-брейкте әбжілдік танытты – 7:6 (7:5).
Шешуші тай-брейкте А.Недовесов пен А.Голубев жеңісті жұлып алды – 10:5.
Тартысты бәсеке 1 сағат 46 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Недовесов пен А.Голубевтің Хорватиядағы турнирдің финалына шыққанын, Ю.Путинцеваның Чарльстон жарысының жартылай финалына өте алмағанын жазған едік.