Биыл Балқаш қаласында 24 аула жөнделеді

None
None
БАЛҚАШ. ҚазАқпарат - Балқаш қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Жұмыс сапасы тұрақты бақылауда. Қала әкімі Ораз Тәуірбеков апта сайын нысандарды аралап, бақылау жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Уәлиханов көшесінде үйлердің қасбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары басталды. Бағдарламаға бес көпқабатты тұрғын үй енгізілді. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр, тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

Балқаш қаласында биыл 24 шақырымнан астам автожолға орташа жөндеу жүргізіледі. Өткен жылмен салыстырғанда жол жөндеу жұмыстары алты есе артты. Атқарылған жұмыс сапасына «Қарағанды облысы бойынша ұлттық активтер орталығы» РМК мамандары бақылау жүргізеді.

Қалалық демалыс аймағына баратын жолдар ретке келтіріліп жатыр. Жазғы маусымға дейін Шұбар-Түбек елді мекеніндегі жол жақсарды. Жаңа асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер аймағы жасалды.

Қалада аула абаттандыру да жалғасуда. Биыл 24 аулада жөндеу жұмыстары жоспарланған. Аулаларда асфальт төселіп, ескі жарықтандыру тіректері ауыстырылады. Тұрғындардың өтініші бойынша балалардың ойын кешендері орнатылады.

Балқаш стансасының Степной көшесінде жарық шамдары пайда болды. Мұнда 40 жарықтандыру тірегі мен 23 шам орнатылды. Мердігер жұмысты 5 күн ішінде орындады. Тұрғындар осыған дейін көшеге кіреберістің аумағын қосымша жарықтандыруды өтінген болатын. Сонымен қатар, қалалық билік балалар алаңын абаттандыруға уәде берді.

Балқаш қаласының 18 мектебі мен балабақшаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жұмыс толық жүріп жатыр. Білім мекемелерінде жылу және электрмен қамтамасыз ету жүйелері ауыстырылып, терезе мен қасбет жаңартылады. Карантин кезінде мектептер қашықтан оқытуға көшіп, ал балабақшалар жабылғандықтан, биыл жөндеу жұмыстары мезімінен бұрын басталды. Маусымның соңына дейін барлық нысандағы жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, қала сыртындағы «Жас қанат» сауықтыру лагерінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Балалардың демалуына қолайлы жағдай жасалады.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы нысандарға жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмылдырады.


Соңғы жаңалықтар