Байқоңырдан «Гагарин» кемесінің ұшырылу сәті ғарыштан фотоға түсірілді
Бұған дейін жазғанымыздай, «Гагарин» ғарыш кемесінің ұшырылуы сәтті өтті.
Ғарышкерлер күні қарсаңындағы мерейтойлық ұшыруды көптеген қонақтар, мектеп оқушылары, ел Премьер-Министрі Асқар Мамин бастап келген үкіметтік делегация бақылады. ҚР Үкіметінің төрағасы Байқоңырға Роскосмос басшысымен келіссөз жүргізгу үшін келген.
Ұшырылған «Союз-МС-18» ғарыш кемесі үш сағаттан кейін Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) «Рассвет» модулімен түйісіп, тағы біршама уақыттан соң МКС-65 экспедициясының экипажы Олег Новицкий, Петр Дубров және Марк Ванде Хай ХҒС бортына ауысты.
Оларды Халықаралық ғарыш станциясында Роскосмос ғарышкерлері Сергей Рыжик пен Сергей Кудь-Сверчков қарсы алды. Ғарышкерлер «Ю.А. Гагарин» көліктік басқарылатын кемесі бар «Союз-2.1а» зымыран-тасымалдағышының ұшырылу сәтін суретке түсіріп алған. ХҒС дәл сол сәтте Байқоңырдың үстімен ұшып бара жатқан.
Қазір орбитадағы ғарыштық вахтада оннан аса адам бар: Роскосмостың – төрт, NASA-ның – бес ғарышкері және Жапондық ғарыш агенттігінің бір өкілі.
Роскосмос ақпаратына сәйкес, «Союз МС-18» кемесі ХҒС бортына 169 кг жүк жеткізген. Олардың арасында ғарыштық тәжірибелерді және ресейлік ғылыми бағдарлама бойынша медициналық-биологиялық зерттеулерді жасауға арналған жабдықтар, борттық құжаттама жасауға керек құрал мен көмекші комплект, жеке гигиена құралдары мен азық-түлік, сонымен қатар Юрий Алексеевич Гагариннің суреті мен ғарышқа алғашқы адамның ұшуының 60 жылдығына арналған мерейтойлық символика бар.