Батыс Қазақстанда аудан орталығы Федоровканың атауы Теректі болып өзгерді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 11-сессиясында депутаттар өңірдегі бірқатар ауылдар мен Орал қаласындағы көшелердің атауын өзгерту туралы ұсынысты мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО тілдерді дамыту басқармасы мәлім еткендей, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі № 19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру міндеті қойылған болатын.

Осыған орай БҚО ономастика комиссиясының 2021 жылғы 28 сәуірдегі қорытындысы негізінде, халықтың пікірі ескеріле отырып, Бәйтерек ауданы бойынша Краснов ауылдық округі – Бейбітшілік ауылдық округі, Краснов ауылдық округінің Погодаев ауылы – Бейбітшілік, Котельников – Сырым батыр ауылы, Железнов ауылдық округі – Атамекен ауылдық округі, Железнов ауылдық округінің Железнов ауылы – Атамекен ауылы, Новенький – Қайнар ауылы, Чеботарев ауылдық округі – Құрманғазы ауылдық округі, Чеботарев ауылы – Құрманғазы ауылы, Хамин – Аманат ауылы, Шалғай ауылдық округінің Карпово ауылы – Тыңдала ауылы, Теректі ауданы бойынша Федоровка ауылдық округі – Теректі ауылдық округі, Федоровка ауылдық округінің Федоровка ауылы Теректі ауылы деп қайта аталды.

Осылардың ішінде Федоровка – Теректі ауданының орталығы.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 23 сәуірдегі қорытындысы негізінде Орал қаласында М.Мәметова алаңы – Батыр қыздар алаңы, Московская көшесі – Тәуелсіздік, Мирзоян көшесі – Желтоқсан, Согласие көшесі – Шәпет Қоспанов, Тәуелсіздік көшесі – Бисен Жұмағалиев, Светлая көшесі – Базарбай Жұманиязов, Надежда көшесі – Тұяқберді Шәмелов, Лиственная көшесі – Жанғали Набиуллин, Букетная көшесі – Николай Чесноков, Вольная көшесі – академик Сухан Камалов, Ореховая көшесі – Алдияр Рахметов, Евразийская көшесі Еуразия болып өзгертілді.

Бірқатар көшелерге өңірге еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, сондай-ақ ақын, ғалым, құрылысшы, композиторлардың есімдері берілді.

«БҚО әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен қаулысы мен шешімі шықты. Аталмыш құжат мемлекеттік тіркеу үшін ҚР Әділет министрлігіне жіберілді», деп хабарлады БҚО тілдерді дамыту басқармасынан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар