Атырауда 145 дәріханаға ең қажетті дәрі-дәрмек таратылып берілді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Атырау облысындағы 145 дәріханаға ең қажетті дәрі-дәрмектер бөлінді. Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас санитар дәрігердің айтуынша, Атырау облысындағы 314 дәріхананың 223-і Атырау қаласында орналасқан. Дәріханаларды дәрі-дәрмекпен уақытылы қамту үшін 7 шілдеде «Инкар» ЖШС қоймасына 220 млн теңгенің 430 түрлі дәрі-дәрмегі жеткізілген. Оның ішінде азитромицин, цефазолин, цефтриаксон, сондай-ақ, қызу түсіретін дәрілер бар.

«Өңірдегі 145 дәріханаға 13 шілдеде ең қажетті дәрі-дәрмек бөлінді. Күн сайын дәріханаларда дәрі-дәрмектің бар-жоғына мониторинг жүргізіледі. Дәрі бағасының тұрақтылығы мен бір адамға берілетін нормасын сақтау үшін облыстық әкімдік, «ФармҚауымдастық» қоғамдық бірлестігі және Атырау облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті арасында меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, дәрілік препараттардың бағасына бақылау жүргізу үшін тиісті департамент өкілдерінен мобильді топтар құрылды» - деді Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сәдуақас Байғабылов.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда карантин күшейтіліп, дәрі-дәрмектің 430 түрі шұғыл жеткізілген болатын. Кейін тапшы дәрі-дәрмектің екінші партиясы келді.


Соңғы жаңалықтар