Астанада балабақшаға барғысы келмеген кішкентай қызды ұрған туысына әкімшілік іс қозғалды

Сайттағы деректерге қарағанда, әлеуметтік желіні мониторингілеу барысында белгісіз бойжеткеннің кәмелетке толмаған қызды ұрып жатқан бейнежазбасы анықталды.
Белгілі болғанындай, 14 тамыз күні таңғы уақытта 5 жасар қыз балабақшаға барғысы келмеген. 17 жастағы туысы оның бұл әрекетіне наразылық білдірген.
Бойжеткенге қатысты ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-бөлігі «Ұрып-соғу» бойынша әкімшілік іс қозғалды.
«Қыз баланың заңды өкілдері болған оқиғаны әрі қарай талқылаудан бас тартты. Оларға балалар психологымен жұмыс ұсынылды»,-делінген хабарламада.
Әлеуметтік желі қолданушылардың оқиға елордадағы «Фламинго» тұрғын үй кешенінің жанында болағанын жазған.
Осы оқиғаға орай, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева өзінің Facebook парақшасында пост жариялады.
Оның айтуынша, 17 жасар қыз ағасына қонаққа келген. Таңертең оған баланы балабақшаға апарып келуді тапсырған. Кішкентай қыз балабақшаға барғысы келмей жылайды, содан бойжеткен жиеніне қол көтереді.
«Бұл факті бойынша бойжеткенге ӘҚБтК-нің 73-2-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалып, әкімшілік құқық бұзушылық бойынша мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа жіберілді.
Іс бойынша Астана қаласының әкімдігімен байланыстамын.
«Құқық» ҚҚ бүкіл отбасын психологиялық сүйемелдеуге алады (алғашқы қабылдау осы сәрсенбі күні өтеді)»,-деп жазды Динара Зәкиева.