Әр теңге төрт еселеп қайтады: Вице-премьер мұнай-химия технопаркі туралы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында іске асыру жоспарланған жобалар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-Премьердің мәліметі бойынша, Қазақстанда гомополимерлер мен сополимерлердің 70-тен астам маркасы шығарылуы мүмкін. Бұл туралы ол депуттатық сауалған берген жауабында айтты.

«Бүгінгі таңда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА аумағында 10 қатысушы тіркелген. Оның ішінде 1 жоба пайдалануға берілді. 2015 жылы «Полимер Продакшн» ЖШС полимерлік өнім өндіру жобасын қолға алған болатын. Тағы 3 жоба құрылыс сатысында және қалған жобалар жобалау сатысында. 2021 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша полипропилен өндіретін газ-химия кешенінің жалпы қуаты жылына 500 мың тонна және құны 2,6 млрд. АҚШ долларына тең. Осы жоба іске қосылғаннан кейін ішкі қажеттілік пен экспортты толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін гомополимерлер мен полимертектес өнімдердің 76 маркасы шығарылатын болады», - деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Сондай-ақ, ол «ҰИМТ» АЭА базасында газ турбиналы электр станциясын салу, су дайындау және ағынды суларды тазарту қондырғыларының өндірісі, техникалық газ өндіру қондырғыларын жасау сияқты бірнеше жоба кіретін кіретін өндірістік инфрақұрылымының құрылысы бітуге жақын қалғанын айтады.

«Мұнай-газ химиясымен байланысты жобалар қомақты капиталды қажет ететін және техникалық жағынан күрделі болып келетіін атап өткен жөн. Бұл белгілі бір жұмыс түрлерін жүргізуді, оның ішінде қаржыландыруды тарту, шикізатпен қамтамасыз ету, лицензиялық технология алу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және дайын өнімді өткізу көздері табу сияқты жұмыстарды талап етеді. Осы жұмыстарды жүргізгеннен кейін ғана аталған зауыттарды жобалау және салу мүмкін болады. Бұл көп уақыт алады», - дейді вице-Премьер.

Роман Скляр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «ҰИМТ» АЭА қызметінің тиімділігін арттыруға көңіл бөлінгенін еске салды.

«ҰИМТ» АЭА-да базалық өнімді қайта өңдеу бойынша жаңа кәсіпорындар құруды ынталандыратын кластерлік тәсілді қолдану ұсынылып отыр. Жалпы, аталмыш арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымына бюджеттен салынған 1 теңге шамамен 4 теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді», - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Ресми мәліметке сүйенсек, «ҰИМТ» АЭА жұмыс істей бастағаннан бері өнім өндіру көлемі шамамен 22 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде экспорт көлемі 15,3 млрд теңге болған. Жобаларға салынған 830 млрд теңге инвестицияның 668 млрд теңгесі жеке меншіктен тартылған. Соның арқасында 3,5 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орны ашылған.

Соңғы жаңалықтар