Алматыда ірі сауда орындарында рейд жүргізілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда карантиннен кейін ашылған ауданы 4 мың шаршы метрден асатын сауда орындарында рейд жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

25 мамырдан кейін қалада мейрамханалар, химиялық тазалау орындары, сұлулық салондары, бутиктер, сауда ойын сауық орталықтары ашылған болатын.

Қалалық бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бұл нысандар кешкі 23:00 аралығында жұмыс істейді. Кәсіпкерлерден санитарлық талаптарды сақтау қатаң талап етіледі.

Әр нысанға кірмес бұрын дене қызуын өлшеу керек, санитайзерлер орналастырылуы тиіс.

Бүгін Жетісу аудандық әкімдігі мен санитарлық эпидемиологиялық қызметінің өкілдері «Белес» сауда үйін аралап көрді.

«Рейд барысында көптеген бутиктерде санитарлық талаптардың бұзылғаны анықталды. Дүкен сөрелері тазаланбаған, дезинфекциялық құралдардың қосымша құжаттары жоқ. Кей саудагерлер қолғап пен маскасыз жұмыс істеп жатыр. Шағын мекемелерде 3 адамнан артық болмауы тиіс. Адамдардың ара қашықтығы 1 метр болуы қажет», - деді Жетісу аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Болсынай Шалысбаева.

Оның айтуынша, ереже бұзған нысан басшыларына түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Кәсіпкерлер аудандық әкімдікке шақырылған. Сауда орнының даму бойынша менеджері бұл нысанда 150 ШОБ субьектісі жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ғимаратқа кіреберісте дезинфекциялық дәліз орнатылған. Келушілердің дене қызуы тексеріледі.

Мұның алдында қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалада рейд шаралары жиі жүргізіліп тұратынын айтқан болатын. Тексеру нәтижесінде 39 нысанның жұмысы тоқтатылған.


Соңғы жаңалықтар