Ақтөбе облысының екі ауданындағы ветлабораторияда коронавирусты анықтайтын зертхана ашылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбенің екі ауданында ветеринария лабораториялары базасында коронавирусты анықтайтын зертхана ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен тәулікте Ақтөбе облысында 5 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Вирус жұқтырғандардың саны азайып, өкпе қабынуы дертіне шалдыққандар қатары сиреді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов жиын кезінде аймақтағы эпидемиологиялық жағдайдың көрсеткішіне тоқталды.

«Әйтеке би, Темір аудандарында ветеринарлық лабораториялар базасында зертхана ашылады. Аймақта ауруға шалдығушылардың саны төмендеген. Кереует саны 78 пайыздан 33,4%-ға дейін азайды. Провизорларда 575 орын жабылды, 1 335 кереует резервке ауыстырылған. Жедел жәрдем қызметіне түсетін қоңырау саны 2 600-ден 700-ге дейін төмендеді. Күн сайын 160-қа жуық науқас стационарға жеткізілсе, қазір олардың саны 20 адамға дейін төмендеді», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов. Облыс әкімі аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет екенін айтты.

«Науқастар санының азайғанын айтып, арқаны кеңге салуға болмайды. Күзде екінші толқын бола қалған жағдайда оған дайын болуымыз керек. Тұрғындардың сақтық шараларына деген жауапкершіліктерін арттыру қажет. Көшелерде бетпердесіз жүргендер көп. Сондай-ақ, қаржы бөлінгендігіне қарамастан соңғы кездері залалсыздандырудың жүргізіліп жатқандығын мүлде кездестірмейтін болдық. Науқандық жұмысқа ұқсатпай үздіксіз жүргізуді жалғастырыңдар», - деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі Полиция депараментінің бірінші орынбасары Қанат Әлиевке түнде қадағалауды күшейтіп, тәртіпсіздікті болдырмауды, заң бұзушылықтың алдын-алуды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар