«Абай» шахтасындағы апат: Аман қалған 2 кеншінің халі ауыр

«7 қарашада профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханаға 1960 және 1963 жылдары туған шахтаның екі қызметкері түсті. Диагноз – токсикогипоксиялық энцефалопатия. Науқастар жансақтау бөлімінде. Клиника дәрігерлері барлық қажетті медициналық көмек көрсетуде», - деді Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Еске салайық, 7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында метан газы тарай бастаған. Бұл уақытта шахтада 64 адам жұмыс істеп жатқан, 54-і эвакуацияланды. Апат салдарынан екі адам зардап шегіп , алты кенші қаза тапты. Зардап шеккендер ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, барлық отбасыларға қажетті жәрдем көрсетілетінін айтты.