ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУ

29 тамыз күні әлемде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күнді 11 жыл бұрын БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен болатын.
Бастаманы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

«Қазақстан - ядролық қару сынағының бүкіл қайғы-қасіретін сезіне білген мемлекет. Семейдегі полигоннан менің 1,5 миллионға жуық отандасым зардап шекті. Менің жарлығым бойынша әлемдегі ең ірі полигондардың бірі 1991 жылғы 29 тамызда жабылды. Бұл шешім – ядролық сынақтарға заңды түрде тыйым салатын адамзат тарихындағы ең алғашқы шешім болатын. Кейін басқа мемлекеттер де өз полигондарын жапты. Осылайша менің елімнің үлгісін басқа елдерде де қолдап, бұл бастама жаһандық сипатқа ие болды. Сонымен қатар бұл шешім 1996 жылы бәріне ядролық сынақтарға жаппай тыйым салған келісімге негіз болды. Қазақстанның бастамасы бойынша 2010 жылы 29 тамызды – Біріккен Ұлттар ұйымы ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күні деп жариялады»
ҚР Тұңғыш Президенті және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін» сыйлығын тағайындады. Одан бөлек, Қазақстанда МАГАТЭ банкі құрылды. Ол кез келген елге бейбіт атомды дамытуға көмектеседі.

Нұрсұлтан Назарбаев ядролық мәселе жөніндегі көптеген халықаралық саммиттерге қатысты. 2016 жылы ҚР Тұңғыш Президенті барлық ұлттар мен әлем көшбасшыларына арнап «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін жолдады. Ол дүние жүзінде қолдау тапты. Манифесте ядролық қарусыздану жолында барлық елдер бірігіп жұмыс істеуі керек және 2045 жылға қарай (БҰҰ-ның 100 жылдығы) әлем толығымен ядролық қарудан бас тартуы тиіс делінген. Манифест БҰҰ-ның ресми құжаты деп танылды. Бұл - әлемдік қауымдастықтың Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесін жоғары бағалауы.

АӨСШК

1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өткізу туралы идеяны ұсынды.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы бастаманың мәнін түсіндіре келе, Азия құрлығында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді және әмбебап құрылым құру жөніндегі бұрын сәтсіздікке ұшыраған әрекеттерді қайта бастау қажет екенін, әлемнің басқа өңірлерімен салыстырғанда Азияда мұндай тетік әлі қалыптаспағанын атап өтті. Сонымен қатар, ғаламшардың халық ең көп қоныстанған аймағында бірқатар мемлекеттер арасында шиеленіс, өзара сенімсіздік орын алғаны бұл ұсыныстың қаншалықты өзекті екенін дәлелдейді. Азияда қарқын алған ядролық қарудың таралуы, заңсыз көші-қон, қоршаған орта жағдайының күрт нашарлауы, экстремизм мен есірткі саудасы проблемалары бүкіләлемдік қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырды. АӨСШК шақыру идеясы бірқатар Азия мемлекеттері мен БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттері лигасы сияқты халықаралық ұйымдардың қолдауын тапты. Жаһандық дамудың күрделі ахуалында АӨСШК институционалдық қалыптасуы мен нығаюының алдында ұзақ талқылаулар, пікірталастар, түйісу нүктелерін тынымсыз іздестіру жұмысы жүрді. Бірінші кездесу 1993 жылғы сәуірде, екіншісі – 1993 жылғы тамыз-қыркүйекте, үшіншісі – 1994 жылғы қазанда өтті. Үшінші кездесудің нәтижесі болашақ ұйымның құжаттарын дайындау міндетіне кіретін Арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім болды. Форумның бірінші саммиті 2002 жылғы 4 маусымда өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшылары, Әзербайжан және Үндістан премьер-министрлері, Иран, Египет, бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың уәкілетті ресми тұлғалары қатысты. Палестина мен Израиль өкілдерінің саммитке қатысуы ерекше жетістік болды. АӨСШК 20 жылдығына арналған мерейтойлық отырысы 2012 жылғы қыркүйекте Астанада өтті. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің құттықтау сөзінде АӨСШК маңыздылығы мен тиімділігін атап өтіп, Кеңестің арқасында түрлі мәдениеттер, өркениеттер мен даму үлгілері паназиялық диалог орната алғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда Азия қарқынды дамып келе жатқандықтан, бізге әсіресе, қауіпсіздік пен ынтымақтастықты тегіс қамтитын және тиімді институт қажет. Осы орайда, АӨСШК қауіпсіздіктің жаңа ауқымды архитектурасында өзінің лайықты орнын алуы тиіс. Әрине, форумның тиімділігі, іскерлігі мен дамуы біздің ұйымның әрбір мүшесінің, әр мемлекеттің белсенді қатысуына байланысты»,
деді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК мерейтойлық отырысында.

Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаевтың табандылықпен және дәйекті түрде ілгерілеткен бастамасы бір адамның саяси еркіне тәуелді болмайтын, тұрақты жұмыс істейтін халықаралық ұйым болып қалыптасты. Ол өз алдына қызмет ететін, аймақтық және өңіраралық қауіпсіздік жүйесінің маңызды элементіне айналды.

2020 жылдың қыркүйек айының соңында Қазақстан Кеңеске төрағалық етті. Сыртқы саяси ведомстволар басшыларының бейнеконференция форматындағы кездесуі кезінде министр Мұхтар Тілеуберді Қазақстан Республикасы төраға бола отырып, Кеңесті одан әрі институционализациялауды жалғастыратынына, форумның мәртебесін халықаралық деңгейде көтеру үшін бар күшін салатынына сендірді.

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРЛЕРІНІҢ СЪЕЗІ

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізілген болатын.

2003 жылы 13 ақпанда діндер, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуына маңызды рөл атқарған, христиан, мұсылман, еврей ұйымдары қатысқан Бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясында сөз сөйлеген Елбасы барлық конфессия өкілдеріне Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасын білдірді.

«Қазіргі заманғы тарих діни тұрғыдан толерантты қоғамдар мысалдарын біледі. Мәселен, біз Қазақстанда бейбітшілікте, келісімде және бір-бірімен өзара түсіністікте бейбіт қатар өмір сүріп келе жатқан 18 конфессияның табысты моделін құрдық. Біздің діни бірлестіктер туралы заңнамамыз теңдік пен ождан бостандығы қағидатына негізделген. Біздің ширек ғасырға жуық тәуелсіздігімізде Қазақстан рухани қайта өрлеу дәуірін бастан өткерді. Кеңес дәуірінде, оның ішінде Қазақстанда да, атеизм орныққан болатын. Бірақ халқымыз Құдайға сенімін жоғалтқан жоқ. Қазір елімізде 3312 мешіт, храмдар, құлшылық үйлері, синагогалар мен басқа да ғибадат ету орындары жұмыс істейді. Бізде діни бағыттағы 47 бұқаралық ақпарат құралы басып шығарылады. Елімізде 500-ге жуық шетелдік миссионер жұмыс істейді. Ислам мен Христианның басты күнтізбелік даталары – барлық қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Елімізде жұмыс істейтін барлық діндердің паствалары – бір үлкен қазақстандық отбасының мүшелері. Біздің бәріміз бірлесіп, дүрдараздық пен ұрыс-керіске орын жоқ жаңа ел құрудамыз»,
Нұрсұлтан Назарбаев (Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезінің ашылуында сөйлеген сөзінен)

Қазақстан Президентінің Ватиканға сапарында алғашқылардың бірі болып Съезд идеясына католик шіркеуінің өкілдері қолдау көрсетті. Астанада 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге дәстүрлі діндер басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты.

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫ

Түркі мемлекеттері ұйымын құру туралы шешім 2009 жылдың 3 қазанында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша қабылданды. Халықаралық құрылымның басты мақсаты мен міндеттері – өзара сенімді, достық пен тату көршілікті нығайту, бейбітшілік пен қауіпсіздікті арттыру, екіжақты және өңірлік деңгейде ынтымақтастыққа көмектесу. 2021 жылғы қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде ұйым атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгерту туралы шешім қабылданды. 2021 жылғы қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммитінде ұйым атауын «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп өзгерту туралы шешім қабылданды.

«Ықпалды жаһандану үрдістері дәуірінде ұлттық құндылықтарды сақтау және халықтың генетикалық кодын нығайту аспектісі маңызды компонент болып қала береді. Тарихнамада зерттеушілер түркі өркениетін әлемдік өмірге құнды үлес қосқан «өміршең» өркениеттердің бірі ретінде белгілейді. Ғылыми зерттеу деректері бойынша, шамамен 4,2 млн шаршы км аумақты 150 миллионға жуық адам мекендейді – бұл 40-тан астам түркі халықтары. Түркі халықтарының тарихи ұлылығы соғыс және дипломатия өнеріндегі ерекше нәзіктігінде, құнды металдарды қазып алу және өңдеу технологиясының құпияларында, философиялық трактаттар мен қайталанбас поэтикалық шедеврлер жазған қаламының шеберлігінде. медициналық білімнің орасан зор энциклопедиясында және адамзаттың басқа да өмірлік маңызды аспектілерінде көрінеді. Әлемдік қоғамдастық әрқашан Ұлы Жібек жолының маңыздылығын баға жетпес деп таныды» - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жылдары елдер арасындағы ықпалдастық прагматикалық және мазмұнды сипат алды. Алдыңғы қатарға сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды тереңдету мәселелері, сондай-ақ трансконтиненталдық транзиттік дәліздерді дамыту мәселелері шығып отыр.

Түркі елдерінің экономикалық әлеуеті зор. Түркі кеңесі елдерінің жиынтық нарығы шамамен 150 млн адамды құрайды. Кеңеске мүше елдердің жалпы ішкі өнімі 2019 жылы 1,2 трлн доллар деп бағаланды.

АСТАНА САММИТІ

Қазақстан 2010 жылы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Бұл төрағалық ұйымды жаңғырту мен кеңейтуге бағытталған бірқатар бастамалармен есте қалды. Атап өткенде, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға Азиядағы интеграциялық құрылымдармен, бірінші кезекте Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесімен тығыз байланыс орнатуды ұсынып, екі ұйымды байланыстыратын көпір болды. Бұдан басқа, қазақстандық тарап Еуропалық одақ пен НАТО, ЕЭО және ҰҚШҰ арасында өзара қатынасты реттеуді ұсынды.

«Біз Астанаға халқымыздың келешек қауіпсіздігіне бағытталған қозғалысты бірігіп жалғастыру үшін жиналып отырмыз. ЕҚЫҰ енді еуроатлантикалық қана емес, еуразиялық қауіпсіздікке де жауап береді. Өйткені, Еуропада болып жатқан қақтығыс, келеңсіздіктер бұл құрлықтан алыс жерлерден бастау алып отыр. Жаппай қырып-жоятын қару-жарақ, адам саудасы, заңсыз көші-қон, есірткі тасымалы сынды қауіптердің негізгі көзі Еуропадан тыс жерлерде орналасқан. Сондықтан таза еуропалық қауіпсіздік жоқ, ол басқа құрлықтардан оқшау өмір сүре алмайды, қауіп-қатер бір қиырдан екінші қиырға өтеді. Солтүстік мұзды мұхиттан Үнді мұхитына дейін, Тынық мұхиттан Атлант мұхитына дейін төрт мұхит аралығын қамтыған кеңістікте қауіпсіздік белдеуін қалыптастыруға көшеміз.
Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ЕҚЫҰ құрылымын одан әрі жетілдірудің, қызметінің тиімділігін, нәтижелілігін арттыру үшін нақты ұсыныстар жасауды сұраймын, келелі пікірлер айтуға шақырамын. Ұйымның институттары мен себеттерінің санын ұлғайтуды ұсынамын, ЕҚЫҰ-ға экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, яғни екінші себеттің мазмұнын толықтыра түсуді, валюталық-қаржылық саясатты, экономикалық әріптестікті күшейтуге баса назар аудару қажет. Екіншіден, қарусыздану және қаруды таратпау мәселелері жеке форум шеңберінде жүргізілуі тиіс. Үшіншіден, қазіргі жағдайда конфессияаралық ашық әрі әділ үнқатысу қажет. Төртіншіден, жекелеген қауіпсіздік проблемаларын алдын ала болжау үшін ЕҚЫҰ-ның арнайы институтын ашуды ұсынамын. Бесіншіден, ЕҚЫҰ-ның әр аймағы құрылымдарын тең дәрежеде жабдықтау қажет».

ҚР Тұңғыш Президенті Сириядағы әскери қақтығыстарды тоқтату туралы келіссөздер жүргізу үшін Астана алаңын ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. 2017 жылғы қаңтардан қазан айына дейін Сириядағы жағдайды реттеу бойынша жеті халықаралық кездесу өтті. Осылайша, Қазақстан Сириядағы азаматтық жанжалды реттеу бойынша Астана процесін іске қосып, Таяу Шығыста бейбіт келіссөздер жүргізуде маңызды рөл атқарды. 2019 жылға дейін барлығы 12-ден астам кездесу өткізілді. 2019 жылы Сириядағы жанжал аймағынан қазақстандықтарды шығару операциясы өткізілді.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенде көп жетістікке қол жеткізді. Бұл тұрғыда, бірінші кезекте, ұйым саммитін Астанада 11 жылда бірінші рет өткізілуін атап өтуге болады. Кездесуге 30 мемлекет және үкімет басшысы қатысты.

ЕАЭО ҚҰРУ

Нұрсұлтан Назарбаев «Еуразиялық одақ» құру туралы идеясын алғаш рет 1994 жылы Ресей Федерациясына бірінші ресми сапары барысында мәлімдеген еді.

«Біздің елдеріміз үшін еріктілік пен тең құқықтық қағидаттарына негізделген жаңа мемлекетаралық бірлестік құру арқылы өзара қарым-қатынастың сапалы жаңа деңгейіне өту қажеттілігі туындады. Мұндай бірлестік Еуразиялық одақ бола алады. Ол ТМД сияқты емес, өзге қағидаттарға сүйенуі тиіс. Өйткені жаңа бірлестік негізін ұлтүсті органдары құрауы керек, олар екі басты міндетті шешуі тиіс: бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру және бірлескен қорғаныс саясатын қамтамасыз ету».
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) Еуразиялық экономикалық одқты құру туралы шартқа қол қойылды. Ресей, Беларусь және Қазақстан бұл келісімді тиісінше 5, 9 және 14 қазан күндері ратификациялады. 2014 жылғы 10 қазанда Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойылып, 4 желтоқсанда бекітілді. Сол жылдың 23 желтоқсанында Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы туралы шартқа қол қойылды.

2015 жылғы 1 қаңтарда ЕАЭО құру туралы шарт өз күшіне енді. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ құрылған ресми күн деп саналады.

ЕАЭО-ның төрт ұлтүсті органы бар. Бұл – Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Еуразиялық үкіметаралық кеңес, Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) және Еуразиялық экономикалық одақ соты.

АУҒАНСТАН

Қазақстанның соңғы бітімгершілік миссияларының бірі БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясын Алматыда уақытша орналастыру болды. Ауғанстандағы ішкі саяси ахуалдың ушығуына байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссияны (UNAMA) және АИР-да аккредиттелген БҰҰ-ның өзге де агенттіктерін Алматыға уақытша көшіру туралы өтінішпен Қазақстанға жүгінді.

«Қазақстан мен БҰҰ-ның жан-жақты өзара іс-қимылы шеңберінде және осы ұйымның толық құқықты мүшесі ретіндегі міндеттемелері аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ өтінішін қолдау туралы шешім қабылдады. 2021 жылдың 18 тамызында UNAMA қызметкерлері мінген алғашқы борт Алматы әуежайына қонды. СІМ Алматы әкімдігі, құзыретті ведомстволар және қызметтермен бірлесіп, оларды орналастыру бойынша жедел түрде қажетті шараларды қабылдауда. Келген қызметкерлер: халықаралық дипломаттар, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері», - деп хабарлады ҚР СІМ.

БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясын Алматыда қабылдау туралы шешімді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жедел қабылдады. Өтініш берген сәттен бастап соңғы шешімге дейін санаулы сағаттар ғана өтті. БҰҰ басшылығы қызметкерлерді уақытша қоныс аударудың бірнеше нұсқасын қарастырды. Нәтижесінде таңдау қаржылық және іскерлік белсенділіктің ірі өңірлік орталығы ретінде Алматыға түсті. Мұнда тек БҰҰ жүйелері ғана емес, сонымен қатар басқа да өкілдіктер, халықаралық ұйымдар шоғырланған. Сонымен қатар, Кабулдан ұшу кезінде қала қысқа қашықтықта орналасқан. Оған қоса көптеген халықаралық әуе рейсі орындалатын Алматы әуежайынан дамыған көлік желісі бар.

Алматыдағы халықаралық ұйымдардың ғимаратында аймақтық және субөңірлік мәртебеге ие БҰҰ-ның 18 агенттігінің (UNDP, IOM, UNESCO, UNEP, UNAIDS, UNFPA, UNICEF, UNOHCHR, UNODC, UNESCAP, UNHCR, UNISDR, UNOCHA, WHO, UNDSS, UNDGC, UN WOMEN, FAO) өкілдіктері орналасқан.
БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндег миссиясының UNAMA - уақытша кеңсесінің ашылуы қаланың БҰҰ-ның өңірлік хабы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға үлкен көмек болады.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори Қазақстан Үкіметіне БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі миссиясының өкілдерін Алматыда қабылдауға көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірді.