Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі күшейтілмек

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес қалың бұқараны кеңінен қатыстыра отырып, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлі күшейтілетін болады.

null
Бұл туралы Оралда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы талқыланған көшпелі кеңесте айтылды.

Қазақстанның батыс өңіріндегі аудандық маңызы бар қалалар, ауыл, кент және ауылдық округтер әкімдері үшін ұйымдастырылған кеңесте Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаеваның атап өткеніндей, жергілікті өзін-өзі басқару саласында енгізілетін өзгерістерді талқылау, атап айтқанда, дербес бюджет пен коммуналдық меншікті енгізу жергілікті әкімдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, әлеуетін нығайтуға септеседі. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында қаралып отырған заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтарды шешімдердің қабылдануына неғұрлым көбірек қатыстыруға  ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде дербес бюджетті қалыптастырудың маңызы зор», деді ол.
null null  

Жиында ҚР Ұлттық экономика министрлігі өңірлік саясат, өңірлерді талдау жəне бағалау департаментінің директоры Жайық Шарабасов аталмыш заң жобасы жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, Елбасы Жарлығымен 2012 жылы Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың тұжырымдамасы бекітілгені белгілі. Соған сәйкес бұл бағыттағы жұмыс екі кезеңмен жүзеге асырылуда. 2013-2014 жылдары басқарудың төменгі буындарында қазіргі жүйе әлеуетін кеңейтуге күш жұмсалса, 2015-2020 жылдар аралығында, яғни екінші кезеңде елеулі өзгерістер енгізілмекші. Бұл ретте халықаралық тәжірибе де ескеріледі. Мысалы, 2018 жылы екі мың тұрғыны бар, 2020 жылы барлық ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізіледі. Бұл бюджет салық түсімдерімен, айыппұлдармен және аудандық бюджет трансферті есебінен  толығатын болады. Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджет шығысы он екі бағытта жұмсалады. Оның қатарында мектепке дейінгі ұйымды материалдық тұрғыда қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру, ауыз су нысандарының жабдықтарын және автожолдар құрылысын жүргізу және күтіп-ұстау енгізілген. Коммуналдық меншік тұтқасы қолына берілген ауыл  әкімшілігі қаражатты жергілікті қауымдастық өкілдерінің келісімі арқылы жұмсайды. Жалпы, заң жобасы жергілікті өзін-өзі басқару органдарының экономикалық және қаржылық мүмкіндігін кеңейтуге, сол арқылы жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге, оған тұрғындардың ықпалын күшейтуге бағытталған.
null  

Кеңесте сондай-ақ ҚР Əділет министрлігі Заңнама институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін түсінбестіктер туындамас үшін оны кеңінен талқылап, барлық ұсыныс-пікірлерді ескеріп барып, қабылдаудың, сонымен қатар түсінік жұмыстарын алдын ала жүргізудің қажеттігін жеткізді. Осы шара да сондай мақсатты көздейді.

Жиында Батыс Қазақстан аудандарымен қатар, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан келген жергілікті әкімдер  өз ойларын ортаға салып, іс-тәжірибелерімен бөлісті. 

Соңғы жаңалықтар