Жаңа Азаматтық процессуалдық кодекс сот ісін жүргізудің мәдениетін көтерді - судья Қарлығаш Таткеева

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлт жоспарында қамтылған бірқатар шараларды тәжірибе жүзінде іске асыру мақсатында тура бір жыл бұрын, яғни 2015 жылдың 31 қазанында Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексіне қол қойды. Осы ретте 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген құжат бүгінде елімізде сот әділдігін жүзеге асыру барысында белсенді түрде қолданылып келеді. Бұл тұрғыда жаңа Кодекстің басымдықтары туралы Астана қалалық сотының судьясы Қарлығаш Таткеева айтып берді.

- Қарлығаш Құрмашқызы, жаңа Азаматтық процессуалдық кодекстің қабылдануы еліміздің сот жүйесіне не берді?

 - Азаматтық процессуалдық кодекс жобасында ескерілген жаңашылдықтар сот ісін жүргізу жұмыстарын едәуір жеңілдетті әрі жылдамдатты. Сот жүйесіндегі маңызды жетістіктердің бірі сот инстанцияларын оңтайландыруды заңнамалық тұрғыда бекіту болды. Яғни, бес сатылы сот жүйесінен (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) үш сатылы (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу айрықша маңызға ие. Сот сатыларының қысқаруы нәтижесінде бірінші және апелляциялық инстанциялар соттарының жауапкершілігі мен біліктілігі айтарлықтай жоғарылады.

Жаңа кодексте бірінші инстанция сотында сот төрелігін атқару үдерісін айтарлықтай жақсартатын бірқатар нормалар енгізілген. Оның ішінде істі қарау мерзімі, дайындық кезеңдері оңтайландырылып, сот пен тараптардың іс-қимылдары ретке келтірілді, сондай-ақ дәлелдерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін және істі қарауға кедергі келтіруге жауапкершілік бекітілді. Бұл өз кезегінде сот актілерінің сапасын, іске қатысушылардың құқықтарын және заңмен қорғалатындардың мүдделерін уақытылы сотпен қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Сот талқылауына істі даярлауға ерекше мән берілген. Белгіленген кезеңде соттың істі жан-жақты әрі толыққанды қаралуы үшін қажетті барлық процессуалдық іс-қимылдар тараптармен атқарылуы тиіс. Аталған кезең істі сәтті әрі жылдам қарастырудың кепілі болып табылады.Осы тектес шаралар тараптарды айтарлықтай тәртіпке салып, оларға тиісті міндеттемелерді жүктейді. Өйткені, бұл міндеттердің орындалмауы нақты іс бойынша ақиқатты анықтау үдерісіне әсер етеді және ол сотпен тараптардың процессуалды олқылығы ретінде бағаланады.

Кодекс жаңашылдықтарының біріне тоқталатын болсам, дәлелдерді ұсынуға, талап-арыздың негізін өзгертуге, талап-арыздар көлемін арттыру мен азайтуға, бірінші инстанция сотында қарсы талап-арызды жауапкердің ұсынуына сот талқылауына істі дайындау кезеңінде ғана жол беріледі.

Бірінші инстанция соты үшін маңызды өзгеріс ретінде талап-арызды қозғалыссыз қалдыру институтын жою болып табылады. Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда талап-арыз қайтарылуға жатқызылады. Бұрынғы Кодексте судьялар кемшіліктер анықталған жағдайда оны жою үшін тиісті мерзімді ұсынатын, осы арқылы әділ соттылықты жүзеге асыру үдерісі қисынсыз созылып кететін.

- Істі жеңілдетілген өндірісте қарау тәртібінде қандай өзгеріс болды?

- Аппелляциялық тәртіпте сот актілеріне шағымдану кезінде мемлекеттік бажды төлеуден босату туралы нұсқау оңтайлы тұстардың бірі болып отыр. Осы арқылы жаңа Кодекстің нормалары материалдық жағдайға қарамастан, сот қорғауына тараптардың конституциялық құқықтарын тікелей қамтамасыз етеді.

Апелляциялық сатыдағы соттың өкілеттігіне сонымен қатар жаңа сот талқылауына істі бағыттауымен сот актісінің күшін жою құқығы енгізілген, яғни бұндай қадамдар сот құрамы бойынша,  қылмыстылық ережесі аясында бұзушылық фактілері анықталған кезде, судья шешімге қол қоймаған жағдайда іске асырылады.

Аталған өзгерістер міндетті түрде апелляциялық сатының маңыздылығын арттырады. Осы ретте әділ соттылықты жүзеге асыру сапасын арттыра отырып, әділ әрі қолжетімді сот талқылауы қамтамасыз етіледі, сондай-ақ сот жүйесіне халықтың сенім деңгейінің жоғарылауына септігін тигізіп, құқықтық қатынас  субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға елеулі үлес қосуда.

- Дауларды реттеуде баламалы әдістер бөлігінде қандай жаңашылдықтар бар?

- Алғаш рет посткеңестік кеңістікте Азаматтық процессуалдық кодексте қорғаушыларға бітімге келтіру рәсімдері бекітілді. Барлық даулы қатынастарды партисипативтік рәсімдерді атқару жолымен реттеуге болады. Партисипативтік рәсім судьяның қатысуынсыз болады, яғни ол әр тараптың қорғаушыларының міндетті түрде қатысуы арқылы келіссөздер жүргізу жолымен дауларды реттеудің баламалы әдісі болып табылады.

Жалпы, партисипативтік рәсім Францияның заңнамасына үйлестік аясында әзірленді. Бұл елде 2010-2011 жылдары дауларды реттеудің баламалы қалыптары бойынша реформа жүргізілген еді.  Дауды бітімге келу арқылы реттеуде, үдерістің бастапқы кезеңінде олармен келісімді бекітуде тараптарды ынталандыру үшін бірінші және апелляциялық сатыдағы соттарда мемлекеттік баж толық көлемде,  ал кассациялық сатыдағы соттарда бастапқыда төленген сомадан 50 пайыз деңгейінде қайтарылады.

Атап айтқанда, 2019 жылдың 9 айында Астана қаласының соттарымен 374 бітімге келу келісімі, 1164- медиативті келісім, 14 -  партисипативтік келісім бекітілді. Осының нәтижесінде тараптарға бастапқыда енгізілген 29 249 255 теңге сомасындағы мемлекеттік баж қайтарылды.

- Жаңа Азаматтық процессуалдық кодекс қабылдануымен сот жүйесінде тағы да қандай жаңашылдықтар пайда болды?

- Маңызды жаңашылдық ретінде жаңа ақпараттық технологиялардың енгізілуін атап өтер едім. Бұл өз кезегінде азаматтық іс жүргізуді, тараптарға хабар беру мен таныстыруды, талап-арыз беруді айтарлықтай жеңілдетеді. Бұл мәселелер жаңа Кодексте тиісті деңгейде қамтылған.

Жалпы, Ұлт жоспары аясында сот жүйесін жаңғырту әділ соттылықты жүзеге асыру бойынша соттардың қызметін жаңа деңгейге көтереді және бұл бағыттағы жұмыстардың ашықтығын қамтамасыз ететіні анық. Жаңа Азаматтық процессуалдық Кодекс азаматтардың конституциялық құқықтарын барынша тиімді түрде сотпен қорғауын қамтамасыз етуге тың серпін береді,  сондай-ақ сот актілерінің тиісті сапасын көрсете отырып, сот ісін жүргізудің мәдениетін көтерді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар