Ұлттық бренд байқауына дауыс беру 12 қарашаға дейін ұзартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтардан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты, Ұлттық брендті анықтау жөніндегі байқаудың ұйымдастыру комитеті дауыс беруді тағы 10 күнге, 12-ші қарашаға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктағы парақшасында хабарлады.

«Азаматтардан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты, Ұлттық брендті анықтау жөніндегі байқаудың ұйымдастыру комитеті дауыс беруді тағы 10 күнге, 12-ші қарашаға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады.

Жұмыстарды қабылдау кезеңінде де мерзімнің ұзартылғаны белгілі. Барлық өтінімнің 70%-ы осыдан кейін келіп түскен болатын.

Қазірдің өзінде 66 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді» делінген министр жазған постта.

Одан бөлек Дәурен Абаев неліктен SMS-дауыс беру таңдап алынғанын түсіндіріп өткен.

«Осы орайда, Байқауға қатысты журналистер мен интернет қолданушылардан түскен кейбір мәселелерге тоқталып өткім келеді.

Неліктен SMS-дауыс беру таңдап алынды? Әрине, біз ұсынған тетік мінсіз болмауы мүмкін. Алайда, қарастырып көрген басқа тәсілдердің барлығы Байқаудың басты талабы - жалпыұлттық сипатта өткізуге сәйкес келмеді.

Қолданушылардың басым көпшілігін бейтарап азаматтар құрайтыны белгілі. Солардың дауысы нағыз кәсіби тұрғыдан дайындалған жұмысты таңдауда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.

Байқауға тек кәсіби дизайнерлерді қатыстыру керек еді деген пікірлер айтылуда. Қандай да бір шектеу қою байқаудың халықтық сипатта өтуін қолдағандардың көңілінен шықпауы мүмкін. Біз осындай қадамға бармағанда, бүгінгідей алуан түрлі жұмыс келіп түспейтін еді.

Күні ертең елімізде де, сонымен қатар, сырт елдерде де қолдануға лайықты брендті таңдау аса маңызды болғандықтан, біз қазақстандықтардың өздеріне тікелей қатысуға да, үздік жұмысты таңдауға да мүмкіндік беріп отырмыз», деп жазды ол.

Сондай-ақ, министр байқаудың екінші кезеңі туралы да аз-кем мәлімет бере кеткен. «Идеяларды іріктейтін Сарапшылар кеңесіне, яғни екінші кезеңге кемінде 5 жұмыс жіберіледі. Демек, олардың саны 10 болуы да, 20 болуы да мүмкін. Бұл - үміткерлердің көпшілігінің жеңімпаз атану үшін бәсекелесуге мүмкіндігі бар деген сөз».

Соңғы жаңалықтар