Түркістанның 1516 жылдығына орай жаңа нысандар іске қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркістан қаласының 1516 жылдығы және алтын күз мерекесі атап өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айтулы шара барысында үш бірдей нысан ашылды. Атап айтсақ, әкімдіктің ұйымдастыруымен өңір қарияларымен ақпарат құралдарының өкілдері қаладағы индустриалды аймақта орналасқан соңғы үлгідегі жиһаз жасайтын «Grand miks» және жылына 7 млн. дана жұмыртқа, 264 тонна құс етiн өндіретін «Яссы құс» шаруашылығының жұмысымен танысып, 280 орындық «Толағай» балабақшасының ашылу рәсіміне куә болды. 

Нысандар іске қосылғаннан кейін Есімхан орталық алаңында көпшілікке арнайы концерттік бағдарлама ұсынылды. Алдымен қала әкімі Ә.Өсербаев тұрғындарды құттықтап, түрлі саладағы белсенді азаматтарды марапаттады. Сонан соң қалалық мәдениет үйінің және Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасы Түркістан аспанын сазды әнге бөледі. 
Сондай-ақ, алтын күз мерекесінің дәстүріне сай ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде осы саладағы жетістіктер паш етілді. Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, спорттық іс-шаралар да көпшілік көңілінен шықты.

Айта кету керек, Түркістан қаласында экономиканың басым секторларына мән беріліп келеді. Кейінгі жылдары индустриялды жобалардан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлік саласы да терең дамып, бюджетке үлес қосуда. Бұдан бөлек, бұл өңірдің азаматтарын жұмыспен қамту жоспарлары да ойдағыдай орындалуда.

Соңғы жаңалықтар