Тәуелсіздік жылдарында елдің транзиттік әлеуетінде қандай өзгерістер болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік жылдарында еліміздің көлік саласында елеулі өзгерістер болғаны анық. Осы жылдарда Қазақстанды өңірлік логистикалық хабқа айналдыру, транзиттік әлеуеті дамыған елдің қатарына жеткізу стратегиялық шешіміне екпін қойылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік логистикасы жүйесінің тиімділігін арттыруды және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды. Бүгінде 400 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған елдің көлік саласы экономиканың серпінді дамуының драйверлерінің бірі болып отыр.

Атап айтқанда, Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсап келеді. Осы орайда бірқатар салалық бағдарламалар іске асырылып, саланың құқықтық негізі қалыптастырылды. Көлік қызметтерін көрсетудің қолайлы бәсекелестік ортасы құрылды.

Жаңа магистральдық темір жол желілеріне ауқымды инвестициялар қазақстандық инфрақұрылымды жаһандық көлік-логистикалық ағындарға интеграциялады және уақыт пен жеткізу жылдамдығы бойынша бәсекеге қабілетті Қазақстан аумағы арқылы жаңа транзиттік дәліздерді қалыптастыруға мүмкіндік берді:

• Қытайдан Еуропаға Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағы арқылы (Солтүстік ТТЖМ),

• Қытайдан Еуропаға Каспий, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы (ТХКМ),

• Қытайдан Орталық Азияға,

• «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі Түрікменстан, Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы елдері бағытында.

Дамыған инфрақұрылымды ескере отырып, Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзиттік дәліз, оның ішінде 5 теміржол және 6 автомобиль дәлізі өтеді.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, бүгінгі күні Қазақстан аумағы арқылы шығыс-батыс бағытындағы жерүсті бағыттары бойынша 10-нан 12 мың шақырымға дейінгі қашықтықта жеткізу жылдамдығы 13-16 күнде қамтамасыз етіледі. Осылайша, трансқазақстандық дәліздер бойынша жеткізу теңізбен салыстырғанда 3 есе жылдам, әуе көлігіне қарағанда 10 есе арзан және бұл трансконтиненталдық тасымалдардағы жаңа логистикалық шешім.

«5 институционалдық реформаны іске асырудың «100 нақты қадам – Ұлт жоспарының» 65-қадамына сәйкес, «Еуразиялық трансқұрлықтық дәліз» мультимодальдық көлік дәлізін құру жөніндегі жобаны іске асыру жолымен Қазақстанды халықаралық көлік-коммуникациялық ағындарға интеграциялау көзделген. Осыған байланысты мультимодальдық тасымалдау және логистика мәселелері бойынша нормативтік құқықтық базаны жетілдіру талап етілді. 65-қадам аясында Қазақстан Республикасының мультимодальдық тасымалдарды дамыту мәселелері жөніндегі 8 Заңына (Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және авиатасымалдарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2015 жылғы 27 қазандағы ҚР Заңы) түзетулер енгізілді», - делінген аталған министрлік мәліметінде.

Аралас тасымалдарды жүзеге асыру тәртібі және аралас тасымалдарға қатысушылардың өзара іс-қимылы, сондай-ақ бұрын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген бірыңғай құжаттың нысаны мен оны толтыру тәртібі айқындалды. Бұдан басқа, контейнерлік тасымалдарды дамыту мақсатында бұл тасымалдар Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар саласынан босатылды. Қазіргі кезде жүктерді контейнерлік тасымалдау тасымалдардың перспективалы түрі болып саналады. Қытай-Еуропа бағдарында контейнерлік тасымалдардың өсуі байқалады, ең алдымен, теңіз тасымалдарынан теміржол көлігіне қайта бағдарланған жүк ағыны есебінен.

Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша контейнерлік тасымалдар 4,2 есе өсіп, 876 мың жиырма футтық балама (ЖФБ) (2015 жылы 209,5 мың ЖФБ), оның ішінде «ҚХР-ЕО-ҚХР» бағытындағы 551 мың ЖФБ-ға жетті. Транзиттік дәліздің барлық қатысушыларын интеграциялау, жүк ағынының пайда болу нүктесінен бастап оны тұтыну нүктесіне дейінгі барлық бағытта бірыңғай техникалық, технологиялық және тарифтік жағдайларды әзірлеу және қолдану үшін негізгі дәліздер бойынша стратегиялық альянстар құрылып, дамуда.

Бірыңғай экономикалық кеңістіктің көліктік-логистикалық жүйесін дамыту, Қытай-Еуропа қатынасындағы Достық/Алтынкөл станциясынан Брест станциясына дейін «ҚТЖ»ҰК» АҚ, «РТЖ» ААҚ және «Беларусь темір жолы» АҚ Көліктік-логистикалық қызметтерін ұсыну мақсатында «Біріккен көліктік-логистикалық компания» акционерлік қоғамы («БКЛК» АҚ) құрылды.

«БКЛК» АҚ - компанияның акционерлері мен серіктестерінің технологиялық және өндірістік ресурстары есебінен көліктік-логистикалық қызметтер мен келісілген тарифтік саясатты ұсынудың бірыңғай технологиясын қамтамасыз ететін бірыңғай интеграциялық платформа болып отыр.

Бұдан басқа, Түркия және Кавказ елдері бағытындағы транзиттік дәлізді дамыту үшін «Транскаспий халықаралық көлік маршруты» Халықаралық қауымдастығы және ТХКМ-қа қатысушы елдердің көлік-логистикалық компанияларымен Консорциум құрылды.

2017 жылдың қазан айында «Баку-Тбилиси-Карс» теміржол желісін іске қосу Түркияның оңтүстік және Батыс порттарына дейін теміржолмен тікелей тасымалдарды орындауға және Жерорта теңізіне шығуды қамтамасыз етуге, оның ішінде Ақтау және Құрық порттарының инфрақұрылымдық қуаттарын, сондай-ақ Консорциум мен ТХКМ барлық қатысушыларының жылжымалы құрамын пайдалана отырып, Қазақстаннан Түркияға және Түркиядан Қазақстанға және ОА-ға (автоқұрылым, ТМҚ) экспорттық жүктерді (бидай, жасымық, құрама жем) контейнерлік тасымалдауды ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Иран мен Түрікменстанның темір жолдарымен осындай үйлестіру жұмыстары Парсы шығанағы елдері бағытында «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі бойынша жүк ағындарын тарту үшін жүргізілуде.

«COSCO Shipping ірі жаһандық компаниясы мен Ляньюньган портының Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамыту жобасына кіруі трансконтиненталдық тасымалдарды дамытуда жаңа кезең ашады. Жаһандық логистикалық тізбектерге интеграциялау трансқазақстандық маршруттарға жаңа транзиттік жүк ағындарын тартуды қамтамасыз етеді», - деп аталып өткен ҚР Индустрия министрлігі ақпаратында.

Елдің шығысында, Қытаймен шекаралас аумақта «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА базасында 2015 жылы «құрғақ порттың» және инфрақұрылымның құрылысы аяқталды. Қытаймен шекарадағы екі темір жол өткелімен және «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралімен технологиялық байланыста Құрғақ порт Қытайдан Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, Түркияға және Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын тиімді бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қуатты көлік-логистикалық хаб құрады.

Құрғақ порттың жалпы ауданы 129 га құрайды, логистикалық (224,9 га) және индустриялық (224,4 га) аймақтармен біріктірілген. Бұл жоба контейнерлерді өңдеу үшін оңтайлы шешім ұсынады және әкелінген тауарларды одан әрі өнеркәсіптік өңдеу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. АЭА қатысушылары осы периметр аясында салықтық және кедендік преференциялардың толық кешенін алады.

Аталған министрлік деректеріне қарағанда, «құрғақ порт» пайдалануға берілгеннен бастап бүгінгі күнге дейін 807,2 мың ЖФБ жүктері өңделді (2015 жылы - 14 мың ЖФБ; 2016 жылы - 87 мың ЖФБ; 2017 жылы - 185 мың ЖФБ, 2018 жылы – 134 мың ЖФБ, 2019 жылы - 158,5 мың ЖФБ, 2020 жылы – 228,7 мың ЖФБ).

Сонымен қатар, 2016 жылғы 18 қазанда «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА инфрақұрылымының объектілері пайдалануға берілді. Осылайша, бүгінде АЭА инфрақұрылымын қалыптастыру толығымен аяқталды.

Қытайлық серіктестермен бірлесіп 2014 жылы Ляньюньган теңіз портында (ҚХР)логистикалық терминал құрылысының жобасы жүзеге асырылды. Ляньюньган порты Қазақстанға/Қазақстаннан жүк ағындарын шоғырландырудың негізгі пункті және шығыс, оңтүстік-шығыс Азия елдеріне/елдерінен, сондай-ақ Қытайдың ішкі порттарынан жүктерді ауыстырып тиеу жөніндегі негізгі транзиттік порт болып саналады. 2020 жылы орындалған терминалдық өңдеу көлемі 178 мың ЖФБ құрады.

Бүгінгі күні ҚХР-дан, оның ішінде Ляньюньган портынан/арқылы контейнерлік ағынды ұлғайту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.

Қытай тарапы БК қызметін ынталандыру ретінде халықаралық контейнерлік пойыздарды Қытай (Ляньюньган) – Еуропа және Орталық Азия бағыттарымен тек БК терминалының аумағынан жөнелтуді қамтамасыз етті.

Атап айтқанда, ел ішінде көліктік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Қазақстанның барлық облыс орталықтарында «бір терезе» қағидаты бойынша Кедендік ресімдеу және сервис көрсету аймақтарымен интеграцияланған қазіргі заманғы көліктік-логистикалық орталықтар (КЛО) желісі дамып келеді. Бұл КЛО сондай-ақ Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерінің шекаралық аумақтарына қызмет көрсетуге бағытталған.

Осылайша, ел ішіндегі және жүк ағындарының пайда болуының негізгі нүктелеріндегі қазақстандық көлік-логистикалық инфрақұрылымның ауқымды дамуы трансеуразиялық дәліздердің жаңа архитектурасын қалыптастырды, онда Қазақстан негізгі буын болып отыр.

Бұдан басқа, жүктерді жеткізу жылдамдығын арттыру, тасымалдау процесінің тиімділігін арттыру, кедергілерді азайту көліктік байланыстың барлық түрлері бойынша қосымша көлемдерді өсіруге мүмкіндік берді.

Мәселен, соңғы 18 жылда жүк тасымалдарының көлемі 2,3 есеге артып, 3,94 млрд тоннаны құрады, жүк айналымы да 2,3 есеге артып, 584 млрд ткм-ға жетті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің соңғы 10 жылында транзиттік тасымалдар көлемі 1,5 есе ұлғайды және 2020 жылы 22,7 млнтонна жүкті құрады.

Көлік әрқашан елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласы болып келді және алдағы уақытта да осы бағытқа екпін қойыла береді. Қазақстанның кең байтақ аумағы, халық тығыздығының төмендігі, елді мекендердің бір-бірінен алшақтығы, әлемдегі интеграция мен жаһанданудың үдемелі процестері оны елдегі дамудың басым бағыттарының біріне айналдырады.


Соңғы жаңалықтар