«Тәуелсіздік құрдасы», миллионер Арман Тосканбаев: Қанша байысам да шетелге қашпас едім

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тәуелсіздік құрдастары» айдарының бүгінгі кейіпкері - Арман Тосканбаев. Арман - 10 жылдық тәжірибесі бар жас кәсіпкер, алғашқы миллионын ол 17 жасында тапқан екен. Тәуелсіздік таңымен бірге өмірге келген жас өскін қазірде бірнеше бизнестің басын біріктіріп, кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп отыр. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы аз уақыттың ішінде бірнеше бизнес-жобаларды тиімді іске асырып үлгерген, тіпті банкроттықты бастан кешірген екен. Әйтсе де, қиындыққа жасымаған оның өзінен кейінгілерге айтары да бар. Қазір Арманнның қол астында 30 адам жұмыс істейді. Қазақстан символикасымен шығатын алғашқы отандық сағаттар - осы Арманның идеясы. Едеше, Тәуелсіздік құрдасымен болған сұхбатты алға тартамыз.

-  Арман, бизнеске қашан келдің, кәсіп ашуға не түрткі болды? Жалпы өзің туралы айтсаң?

- Мен Қарағанды қаласының тұрғынымын. Қазір жұмыс барысымен Алматыда тұрамын. Бизнеске 15 жастан бейімделдім деп айтсам да болады. Әрине, 15 жасымнан толық бизнесмен болдым деп айта алмаймын, бірақ алғашқы қадамым осы кезден басталды. Бизнес - бастапқыда ермек секілді болды. Кейіннен 17 жасымда жеке өзімнің алғашқы компьютерлік техника сататын шағын дүкенім ашылды. Одан кейін Ресейде екі жыл тұрдым, ол жақта да бизнесім болды, соның барлығын қосқанда бизнес саласында 10 жылдай тәжірибе жинаған екенмін. Қазір негізінен жүргізіп отырған үш фирмам бар. Бірақ шаруа олармен аяқталмайды, серіктестерімізбен тағы 1-2 кішігірім компанияларды жолға қойғанбыз. Қысқаша айтқанда, бизнеске 15 жасымда келдім, ең бірінші бағытым компьютер және осы саладағы техникаларды жөндеу болатын.

- Бастау қиын болған жоқ па?

- Әрине бастау қашан да, кім үшін де жеңіл емес. Оның үстіне 90-шы жылдар мен 2000-шы жылдардың басы ғой.  Біздің отбасымыз да ауқатты емес. Елімізге қиын болған жылдары біз де жоқшылықты да, тапшылықты да көрдік, соны көре келе, жақсы өмір сүруге, жақсы тамақтануға, жақсы киім киюге деген талпыныс болды деп ойлаймын. Сондай талпыныстардың арқасында ақша табудың амалдарын іздестірдім. Соның бірі - компьютерлік техника. Ол кезде мониторлары үлкен компьютерлер болатын. Сол компьютермен жастайымнан қызықтым. Ермек ретінде мен 5-6 сыныптарда мектептің бұзылған ескі компьютерлерін жөндей бастадым. Мұғалімнің, туған-туыстардың компьютерлерін істеп жүріп, арасында 1-2 мың теңге табыс тауып, кейін бұл ісім үлкен қызығушылыққа айналып кетті. Сосын шағын компьютерлік бөлімше ашып, ақырын-ақырын ақша таба бастадым. Бәрі де осылай басталады деп ойлаймын.

Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсың?

- Қазір сауда нарығында «Отан» деген қазақстандық сағат шығаратын компания бар. Ұлттық нақышта, Елтаңбасы бар сағаттар шығарамыз. Бұл сағаттардың бағасы - 130 мыңнан басталады, 325 мың теңге аралығында. Біздің сатып алушыларымыз негізінен табысты орта немесе кәсіпкер, іскер адамдар. Сосын «Жаңа жасыл технологиялармен» жұмыс істейтін компания бар. «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2014 жылы мен 3 миллион теңге грант алған едім. Бұл грант компанияның ісін бастауыма ең алғашқы капитал болды. Бірақ оған дейін менің бірнеше бизнесім жолға қойылған, консалтингтік компаниямыз да жұмыс істеп тұрды.

Аталған компанияда әкем екеуміз гидропондық құралдар жасайтынбыз. Ол құралдар мал шаруашылығына, ауыл шаруашылығына жасыл шөп өсіруге көмектесетін еді. Қарағандыда 250 гектар жеріміз бар. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында колледжбен бірлесіп өзіміздің шаруашылығымызды салып жатырмыз. Жазда 250 гектар жерде жылыжайлар жұмыс істейді. Сонымен қатар Қарағандыда өзімнің дәмханам да бар. Сондай-ақ серіктестеріммен туристік агенттік ашу да жоспарланған. Осылайша, бас-аяғы қазірге 3-4 бизнесім бар.

null  

- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік туралы айтып қалдың. Оның аясында кәсіпкерлерге қолдау қолға алынғаны белгілі. Дегенмен, сен секілді жас кәсіпкер үшін бұл қаншалықты көмегін береді?

- Жалпы, менің ойымша ең бірінші кезекте кез-келген адамның өзіне ізденуге тура келеді. Мен өзім де тынымсыз адаммын. Заңның барлығын өзім «қопарып» шықтым. Қазіргі кезде Қарағанды аграрлық колледжімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында серіктес атансақ деп отырмыз. Бірақ әзірге келісім жасау үстіндеміз. Шамамен бұл жұмысқа бір жылдай уақыт кетеді. Сондықтан барлығы жақсы, өзімізге ізденуге мүмкіндік беріліп жатыр. Ол жоба «Агрополис Нұршуақ» деп аталады. Жоба туралы айтатын болсам, біздің компания осы жобаға өз қаражатын салады, ал колледж бізге  инфрақұрылым ұсынады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сол жерден шағын бизнес ашамын. Мал өсіріп, мал басын көбейтіп, жылыжайлар салған едік. Сол екі аралықты байланыстырып, колледжді бизнеске тартқымыз келеді. Міне, осы ғана. Есесіне оларға да, бізге де табыс болады. Бір жағынан аграрлық колледж студенттері білімін өндірісте шыңдап, тәжірибе жинақтай алады. Сол жерде техника, трактор, жатақхана сынды керектінің барлығы бар. Соны пайдалана отырып, бірге жұмыс жасаймыз. Өте қызық жоба. Мәселен, біз  студенттерді жұмысқа аламыз, сосын студенттерге болашақта жылыжайдан жер беріп, оншақты бас мал, қоян, тауық, үйрек беріп, оларды да бизнеске баулыймыз. Шындығында, неге жастарды осы студент кезінен бизнеске бауламасқа? Осылайша, біртіндеп агробизнес инкубаторын ашу жоспарда бар. Бұл біздің қолымыздан келеді және әр студент біздің серіктесіміз бола алады. Бұрын колхоз кооперативі болды емес пе, сол сынды кооператив құру қолымыздан келеді деп ойлаймын.

- Қазақстанның мемлекеттік Елтаңбасы мен ұлттық нақыштары бар сағаттар ел арасында үлкен танымалдылыққа ие. Көзіміз шалды, керемет идея. Отандық сағат брендін жасау туралы ой қалай келді?

- Сағат туралы идеяны бір жыл бұрын ойлағанмын. Неге Қазақстанның Елтаңбасы бар сағатты шығармасқа? Нәтижесі жаман емес. Қазір бұл идея халық арасында өте үлкен қолдауға ие. Көпшілік адамға біздің сағаттар ұнайды. Аз ғана уақыт ішінде біздің өнімді бренд ретінде Қазақстанда көбі таныды. Бастапқыда Еуропадан құрал-жабдықтар сатып алдық, сосын сағатты Қарағанды қаласында құрастыра бастадық. Шындығы керек, бастапқы екі ай ішінде сағатты сатпақ түгілі, одан пайда табу қиын еді, «брак» көп болды. Себебі шет елде сағатты жинау процесі өзгеше. Олардың кез-келген өнімі сатылымға шықпас бұрын сынақтан өтеді және де олардың сапасы да өте жоғары. Ал бізде сынақ жасауға құрал-жабдықтар жеткіліксіз. Қосымша шығындар да көп керек. Сондықтан бұл сағаттарды Еуропада жинау керек деген шешім қабылдадық. Осылайша, «Фотопортрет», «Сарыарқа аруы» және «Алланың 99 аты» деген сағаттар Еуропада құрастырылады. Ал «Президент» атты сағат АҚШ-та құрастырылып жатыр. АҚШ-та біздің өзіміздің қазақтардың «Miami watch», «Amir watch» деген компаниялары жобамызды қолдап, алғашқы  коллекцияларымызды солар шығарды. Қазіргі уақытта бізде сағаттардың 6 түрі бар, бүгінде 500-ден астам сағат сатылды. Бизнесіміздің аяқ алысы жаман емес, 2017 жылы біз Ресей және Түркия мемлекеттеріне де шығамыз деп ойлаймын. Ұлттық нақыштарды, Елтаңбаны неге саудаға, брендке бейімдемеске?! Біздің сағаттар арзан емес, бағасы 130 мыңнан 325 мың теңгеге дейін жетеді.

- Неге қымбат?

- Өйткені сағатта сапасымен аты шыққан швейцариялық, жапондық тетіктер қолданылады, сапфир шынысы, хирургиялық болат пайдаланылады, жалпы материалдары өте сапалы. Болашақта алтыннан жалатылған сағаттар шығару да жоспарда бар. Сапалы затқа сұраныс мықты. Әйтсе де сағат арзан болмағанымен,  оның алатын өз адамдары бар.

- Жалпы бизнесті бастайтын жастардың дені алған ісін орта жолдан тастап кетіп жатады. Қиындықтары көп деп сылтауратады, расында Қазақстанда бизнес ашу, оны дамыту әсте қиын болғаны ма?

- Қарағандыда біздің бір ағамыз бар, үлкен бизнесмен. Сол кісіден сұраған едік: «аға, кәсіпті бастағанда, көп қиыншылықтар болады, сол кезде адам күші сарқылып, не істерін білмейді. Бизнеске деген ықылас құриды. Сол кезде не істеу керек?» деп. Сонда әлгі ағамыз: «ықылас деген әйелде ғана болады, ал еркекте ерік-жігер болу керек» деп қалжыңдаған еді. Сол сияқты жастарға айтарым, бойда ерік-жігер болмаса, кедергіге тап болған сайын әр бастаған іс аяқсыз қала беруі мүмкін. Бұл бизнеске ғана қатысты емес, жұмыс болсын, спорт болсын, өнер болсын - бәрінде де солай. Сондықтан бойыңызда сарқылмас қайрат болу керек. Қыз болсаңыз да, жігіт болсаңыз да жігерлі болу керек, онсыз бизнес болмайды. Мысалы, жаңадан тәй-тәй басқан бала бірнеше рет құлағаннан кейін, жылап ары қарай енді жүрмеймін жатып алмайды ғой?! Керісінше, талаптанып, қадам жасап, үйреніп, әйтеуір жүріп кетеді. Жас балалардың бәрінде солай. Тек есейе келе осы қасиеттің бәрі біртіндеп сарқыла бастайтын тәрізді. Адам ересек атанғанда неге қорқыныш пайда болады? Қайдан келеді ол?  Осы жағына маңыз беру керек.

Мен өзім тәуекелшілмін. Істі бастар алдында, ойлануға көп уақыт жұмсамаймын. Ой келді ме, көп ойланбаймын, бола ма, болмай ма, шыға ма, шықпайды ма, қолымнан келе ме, келмейді ме деген сұрақтарға басымды қатырмаймын. Тез-тез алғашқы қадамдарымды жасаймын. Болатын нәрсе, болады. Алланың бергені, қалағаны болады, қаламаса, еңштеңе де болмайды. Сондықтан да, тәуекелшіл болу керек. Істі бастап кету маңызды. Көп ойланған адамның басына түрлі ойлар келе бастайды. Күдік пен күмән жүрекке ұя сала бастаса, қолымнан келе ме, келмей ме деген мәселе де алдыдан шығады. Сондықтан да, ең бастысы - жігер керек.

- Өзіңнің өміріңде де сондай жағдайға тап болып, бизнесте сүрініп, опық жеген кездерің болды ма?

- Қазақта айтады ғой «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» деп. Бір құлап тұрмаған бизнесменді жұрт та сыйламайды. Әлгібір жылы мықты кәсіпкер танысым меннен сұраған еді: «Арман, сен өміріңде кәсібіңді түгел жоғалтып көрдің бе?» деп. «Жоқ» деп жауап берген едім. Ол бірден: «онда мен сені мықты кәсіпкер ретінде қабылдай алмаймын» деді. Бұл бизнесте ғана емес, барлық салада да солай. Мәселен, спортты алыңыз. Бокста Майк Тайсон бар, мәртебеге ие болуы үшін бірден төрге шыққан жоқ. Ол жас кезінде қаншама рет жеңілді, дегенмен кейін тәжірибе жинақтай жүріп, жеңгені одан да көп болды. Оған сол тәжірибе арқылы даңқ та келді.  Сол сияқты бизнесмендерді де көтерілгеніне емес, құлап, сол құлағаннан қайта тұра алғандығына қарап сынайды әрі сыйлайды. Өз басымда да ондай жағдай болды. 2014 жылы үлкен компанияны жоғалттым, біраз дағдарысқа да ұшырадым және өзім де көңілім құлазып кеткен кез болды. Бірақ ары қарай өмір сүру керек. Өмір бір уақытта, бір жерде тоқтап қалмайды. Сол үшін бизнесті қайта бастауға бел будым, тәжірибені жинақтап, қай жерден қателік жібердім деп бар ойымды қайта саралап, жаңа компания аштым. Сол компаниям бұрынғыдан да үлкен табыс әкелді.

Мотивацияны, бизнес идеяларды қайдан аласың?

- Мотивация өмірде бір жетістікке жетуге деген ұмтылыстың арқасында туады. Өміріңді бостан босқа сарп етпей, бір жетістікке жету деген ойлар мазаламаса, мотивация да, бойдағы жігер де қайдан болсын. Шынымды айтсам, орта деңгейлі өмір сүргім келмейді. Жастарға айтар едім, өмірлеріңізге аздап романтика, авантюризм енгізіңіздер, жетістікке жетем деген құлшыныс болу керек. Онсыз өмір қызықсыз. Сондықтан романтиктер, авантюристер көп болсын. Мақтанғаным емес, бірақ айта кетейін осы жаздағы үш айдың ішінде 6 мемлекетте болдым. Әр мемлекетте мен жаңа адамдармен танысамын, жаңа бизнес түрін көрем, жаңа ортаны тамашалаймын, Қазақстанда не жетіспейді, қай салада қандай технологиялар алып келуге болады, қай салада бизнес алып келуге болады - содан қаныға аламын. Бұл өте қызықты өмір, өзіңіз бизнеспен айналысасыз, табысыңыз өз қолыңызда. Қазір мен қай мемлекетте не ала алатынымды білемін. Израильде болдым, онда агробизнесті көрдім, Гонконгта болдым, ол жақта электрониканы байқадым. Сол сияқты әр мемлекетте қандай бизнес ашсам екен, қандай идеялар Қазақстанда іске асады деп ұдайы ізденіспен жүремін.

- Ал идеяларды қайдан аласың?

 - Онда да велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Біріншіден, шетелдің тәжірибесін алуға болады. Екіншіден, Қазақстанға шетелден көп тауарлар әкелінеді. Ендеше, импортты алмастырумен айналысуға болады деген сөз. Қазақстанда өте көп тұтынатын, бірақ шетелден әкелінетін тауарлар өте басым. Соларды неге Қазақстанда өндірмеске?! Міне, осыдан-ақ идеялар келе бастайды, кейін оны іске асырудың жолдарын қарастырамын.

Отандық сағатқа қатысты бізге көп сын айтылды, неге осы сағаттарды Қазақстанда емес шетелде жинайсыңдар деп. Осы сұрақты қоятын адамдар, шын айтсам, бизнестен тіпті мақұрым адамдар деп ойлаймын. Шындығы осы. Өздерінің білімі жетпесе де осындай сындар айтады. Мәселен, Ресейдің өзінде сағат шығаратын бір ғана зауыт бар, өте үлкен өндіріс, циклдері аса көп. Бірден ондай зауытты Қазақстанда сала салуға келмейді. Нарығымыз өте шағын, ертең сондай зауыт ашып, жылына миллион сағат шығаратын болсам, оны сатып алатын адам да тез бітіп қалмайды ма? Біз бар болғаны 17 млн. халықпыз. Сондықтан да, менің ойымша, бәрін шағыннан бастау керек, осындай бір кішкене бизнестен бастап, ары қарай оны өсіре берсеңіз, болашақта жақсы табыстарға да жетесіз, жетістіктерге де жетесіз. Осы бизнесімізді аштық, енді болашақта оны дамытып, 4-5 жылда Қазақстанда жинайтын ірі өндіріс ашу жоспарда бар.

Бизнес ашуға қандай білік керек? Арнайы білімің бар ма?

- Менде қазір орта мектептің 11 сыныбының ғана білімі бар. Ешқандай университет, жоғары оқу орнын да бітірген жоқпын. Ресейде екі жыл оқып көрдім, Томбы мемлекеттік университетінде. Екі жыл оқи келе, бұл дипломның маған түкке де қажеті болмайтынын ұқтым. Шынымды айтсам, бұл салада маған білім керексіз болды да, екінші курста оқуды тастап, Қазақстанға қайтып келіп, бизнесті дамытуға күш салдым.

-  Алғашқы миллионға қалай қол жеткіздің?

- Алғашқы бір миллион теңгені мен мектепте оқып жүріп, 17 жасымда компьютерлер сату арқылы таптым. Енді «долларлық» миллионды 2017 жылы табамыз деген болжамымыз бар. 2015 жылы біз 500 мың доллар табысқа қол жеткіздік. Енді компаниямыздың өз межесі бар, ол - келесі жылы рекордымызды екі еселеу.

Тілектеріңіз қабыл болсын! Өзіңнің бизнестегі командаң туралы тоқталсаң?

- Қазір бизнесте командам қалыптасқан. Маған Қазақстанның түкпір-түкпірінен жастар көп хабарласады. Өз идеяларын ұсынады. Бірақ ең жаманы жастардың басым бөлігі ақша сұрайды. Өздерінде ешқандай идея болмайды, бірақ солай бола тұра ақша сұрайды. Дегенмен, бізге ақша керек жоқ, бізге қолдау көрсетсеңіз дейтіндері де бар. Осындай жастар хабарласса қуанып қаламыз.

Командам шағын емес, ауқымды. Қазіргі кезде әр түрлі бизнестерде серіктестерім бар, қызметкерлерімнің саны 30-дан астам. Команда деп айтуға болады оларды. Өте мықты команда, олар Алматыда, Астанада, Қарағандыда да бар. Күн сайын жиналыс өтеді. Әрқайсысына міндеттер жүктеледі. Сол бойынша жұмыс істейміз. Жақында Түркия мемлекетіне барып келдік. «Тимбилдинг» дейді, өзіміздің командамен демалып, осы жақында келдік. Әрдайым осындай шаралар ұйымдастырып отыратын боламыз. Командалар мен компаниялар арасында бір-бірімен ойын өткізіп, табиғатқа болсын, ұжымдық  мерекесін тойлау болсын осылай ұйымдастырып, шығып отырамыз.

Қызметкер таңдауда оның қандай қасиеттеріне көп мән бересің?

- Жұмысқа адам алу, кадр мәселесі компания үшін өте маңызды. Сіздің компанияңызда кадрлар қандай болса, бизнес те соған сай алға жылжиды. Компанияға қызметкер алатын кезде салада жұмыс істеді ме, тәжірибесі бар ма, маған қажетті нәтижелер бере алады ма деген өзімнің критерийлеріммен қараймын. Егер 10 миллион теңгенің тауарын сата алатын менеджер керек болса, онда мен бұрын сондай нәтижеге қол жеткізген маманды ғана аламын. 100 мың теңге немесе 2 миллион сатылым жасаған адамды алмаймын. Себебі мен оны оқытуға уақытымды сарп етемін. Егер мен бірден 10 миллион жасай алатын, өз білігі өзінде, мықты адамды жұмысқа алсам, 10 миллион пайда мен кіріс әкеледі. Ал 3 миллион теңгеден астам сатылым жасай алмаған менеджер маған 10 миллион теңге кіріс жасап бере алмайды. Сол секілді ақпараттық технологиялар маманы, дизайнерге қойылатын талап сондай, мен алға қойған мақсат-міндеттерді орындауға қауқарлы мамандарды ғана аламын.

10 жыл бизнесте жүрген адамсың, осы аралықта Қазақстан бизнес-климаты қаншалықты өзгерді деп ойлайсың?

- Шетелге, өзіміздің көрші елдерге қарағанда, Қазақстанның бизнес-климаты жақсы. Бизнес бастауға мемлекеттік түрлі қолдаулар қарастырылған. 2000 жылдардың басында қазіргідей бизнеске көмек беретін түрлі институттар болған жоқ. Кейінгі кезде бизнес құралдар, қаржылық тетіктер дамып жатыр. Бұның бәрі бізді тек қуантады. Бізде мысалы, «eGov» арқылы 5 минут ішінде жеке кәсіпкерлігіңді ресми ашып алуға болады. Адамдарға ыңғайлы болу үшін түрлі амал-тәсілдер жасалуда. Қиыншылықтар да бар бір жағынан. Бірақ оң үдерістер басым.  

null  

- Мемлекет тарапынан жастарға көмек қаншалықты жеткілікті жасалуда?

- Егер біздің мұнайымыз бітетін болса, мемлекет экономикасы біршама құлдырайтындығын девальвация көрсетіп отыр. Оны болдырмау үшін Қазақстанда бизнес жақсы дамыған болуы керек. Бюджеттегі үлес қазіргіден әлдеқайда көбірек болуы тиіс. Қауіпсіз межеге жету үшін шағын және орта бизнес 50 пайыздан да көп болғаны абзал. Ертең ол біздің мемлекеттің арқауы, тірегі болады. Ол үшін қазір жастарға жақсы көмек, қолдау көрсету керек. Жастардың арасында бизнес жайлы көбірек айту қажет. Жетістікке жеткен азаматтарымызды елге көрсетіп, осы саланы өркендете алған азаматтарды жастарға үлгі ету керек. Қазір ондай тұлғалар аз, жастар кімге еліктейтінін білмейді. Кеңес заманында «Стахановшылар» деген болды. Сол сияқты жастардың арасында да өздерінің «батырлары» болуы қажет деп санаймын. Өзім мақала арнап, бизнес жайлы көп жазамын. Жастарға бизнес жайлы жақсы білім берсек, ұлттық экономикамызды көтеруге болады. Шындығында, қазір «бизнестің үлесін көбейту керек» деген ұрандар көбірек айтылады. Бірақ қалай? Егер жастармен бизнеске қатысты жұмыс жасалмаса, онда қалай көбейтеміз? Бүгінгі жастарды оқытсақ, міне солардан он, жиырма жылдан соң мықты бизнесмен шығаратын едік. Осыған орай, жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасалып жатыр деп айта аламын, ал  бірақ жастарға, жастардың бизнесіне деген бөлек бағдарлама жоқ. Жастар арасында бизнес мәдениетті дамытатын жұмыстар да өте қажет.

- Өзіңнің артыңда ілесіп келе жатқан інілерге, қатарластарыңа бизнес жүргізу бойынша семинарлар, курстар өткізіп тұрасың ба?

- Мен Алматыда болсын, Қарағандыда болсын, әрдайым семинарлар өткізіп тұрамын. Бірақ арнайы өткізбеймін, университеттерге, түрлі ұйымдар шақырған кезде барамын. Өзімнің тәжірибемді айтамын, семинарлар өткіземін. Кейінгі кездері онлайн ресурстар арқылы ойымдағыны жазуды қолға алдым. Өзімнің блогтарым бар, businessman.kz деген сайтым бар және yvision-да блог бар. Әлеуметтік желілер арқылы өзімнің біраз посттарымды жазамын. Сол жерлерде мен өзімнің тәжірибеммен бөлісемін. Қазір әлеуметтік желі арқылы мені өте көп адамдар оқиды. Жастармен қатар, үлкен кісілер де бар. Осы қызметім арқылы мен әлеуметке өз үлесімді қосып жатырмын деп ойлаймын.

Өмірлік мақсатың қандай? Осыдан 10-20 жылдан соң, бизнесте қандай белестерге жетемін деп межелеп отырсың?

- Мен Қазақстанды әлемге әйгілеп, экономикасын дамыту үшін осындай бизнесті дамыту қажет деп санаймын. Өзімнің өмірлік мақсатым - отандық бизнесті дамытуға үлесімді қосу. Әрине, тауды қопарамын деп уәде ете алмаймын, дегенмен, қазақстандық бизнестің дамуына өзімнің үлесімді, кірпішімді қалап кетсем деген мақсат қана. Осы арқылы отандық экономика да жанданатынын білемін. Ал бизнесте мен шетелге шығуды, қазақстандық тауарды сыртқа шығаруды мақсат етіп отырмын, егер коммерциялық тұрғыда қарайтын болсақ, 5-6 жылда шетелге шығу мақсатымыз бар, себебі Қазақстанның нарығы өте шағын. Шетелден біз бизнес ашсақ, бұл Қазақстанға да жақсы. Өйткені біз осы жақта салық төлейміз, шетелдегі ақша Қазақстанға келеді. Сондықтан жастар бизнесті негізінен шетелде де жүргізулері керек. Шетелден ақшаны Қазақстанға әкелу қажет. Қазақстандағы жастар арасында халықаралық бизнесмендер көбейсе, біздің мемлекетке біраз үлесін қосады.

- Кәсіпкерліктен қатты байыған кейбір бизнесмендер шетелге кетіп жатады. Болашақта өзге елге кетем деген ой жоқ па?

- Өз үйінен кім қашқысы келеді?! Сонымен бірге, үйде барлығы жақсы болса, онда сыртта жұрттың несі бар. Барлығы да туған жерінде қалғысы келеді. Ал жағдай нашар болса, әрине, барлығы қашуы мүмкін. Дегенмен, мен қанша байысам да елден қашпаймын. 90-шы жылдары қиыншылықты бастан өткердік, үйде жарық, су, тамақ болған жоқ, барлығын көрдік, бірақ одан өттік аман-есен. Жақсы заманға келдік. Сондықтан барлығына төзіп, шыдаймыз деп ойлаймын.

Сұхбат үшін рахмет! Кәсібің дөңгелей берсін!

-  Рахмет!

Соңғы жаңалықтар