Тәуелсіздік құрдасы Анна Шолгина: Тілдерді білу келешекке жол ашады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚАЗАҚПАРАТ - Шымкент тұрғыны Анна Шолгина күнделікті өмірде мемлекеттік тілді білгені, оған қалай көмегін тигізіп жүргендігін айтып берді, деп хабарлайды Қазақпарат ХАА тілшісі.

Анна Шолгина - Шымкент қаласының танымал тұрғыны. Оған себеп оның мемлекеттік тілді жетік меңгергендігі. «Мен Арыс қаласында тудым. Үш-төрт жасымда қазақ тілінде сөйлей бастадым. Тілді көрші үйдің балаларының арқасында үйрендім. Маңайымызда тек қазақтар тұратын әрі бәріміз тату  тұратын едік.  Көрші балалармен ойнағанда, мен оларға орысша сөздер, ал олар маған қазақша сөздер үйрететін», - деп есіне алады Анна. Мектепте оған қазақ тілінен қиындық болған емес. Одан әрі түрлі олимпиадаларға қатысып жүлделі орындар алып, жеңімпаз атанды. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін өзге ұлт өкілі әртүрлі конференцияларға шақырылды.   Осы жерде оның қабілетін  байқаған жергілікті телеарна қызметкерлері, Аннаны жұмысқа шақырды. 

«Аудандық телеарнада жұмыс істей жүріп, сөздік қорым көбейіп, қазақ тілінде мақала жаза бастадым. Мені жергілікті әкімдікке мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне жұмысқа шақырды. Осылай екі жыл өте шықты. Бұл жердегі жұмыстың маған беймәлім жаңа қырлары көп болды. Құжаттама толтыру, есептер жазу, шарттар жасасу және азаматтардың өтініштерімен жұмыс, т.б.  Осыларды меңгеруім керек болды. Бастапқыда қолымнан терминологиялық сөздік түспейтін. Қиын болды, бірақ мен барлығына шыдап, нәтижеге қол жеткізе алдым. Сол үшін де мақтанамын.  Жұмыспен бірге әртүрлі форумдар мен кездесулерге, конференцияларға да белсене қатысып жүрдім», - деп әңгімесін жалғастырды Анна Шолгина. 

Белсенді қызды «Қазақстан-Шымкент» облыстық телеарнасының басшылығы бағалап, өздеріне шақырды.  Осы жерде бірнеше жылдар қатарынан Анна кәсіби журналистиканың қыр-сырын игеруде. «Мен ол жерде қазақ және орыс тілі жаңалықтарының дикторымын, редактор қызметін атқарамын. Мен үшін бұл - дамудың жаңа деңгейі, тілді меңгерудің жаңа белесі. Мен мемлекеттік тілдегі газет пен интернет материалдарды жеңіл оқимын, ал кітапты әзірше орыс тілінде оқып жүрмін. Фильмдерді ағылшын тілінде көруге тырысамын. Бұл да бір шет тілін білудің тәсілі», - дейді Анна.  Ол тілдерді білу келешекке  жетелейді деп біледі, бірақ бұл басты мақсат емес.  Еңбек сүйгіштік, жаңашылдыққа ұмтылыс, ісіңе деген шыдамдылық пен сүйіспеншілік  - кәсібіңді жетік меңгерудің  кепілі болып табылады.  

Соңғы жаңалықтар