Тараздық жас балуан қазақ күресінен әлем чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайдың Үрімжі қаласында қазақ күресінен өткен әлем чемпионатында 80 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Дәулет Пахлединов жеңіске жетіп, алтын медаль иеленді.

Бұл туралы аталған оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметі хабарлады.

Үш күнге созылған байрақты бәсекеге 28 елден 205 спортшы қатысты. Алтыншы рет өткізіліп отырған әлем чемпионатында бес салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық балуандар сәтті өнер көрсетіп, бес алтын, бір қолаға қол жеткізді. Тараздық жас балуан финалда эстониялық қарсыласынан ұпай санымен басым түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді.

«Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы жанындағы «Қазақ күрес клубының» мүшесі болып табылатын Дәулет келешегінен үлкен үміт күттіретін спортшы. Ол бұған дейін бірнеше спорттық додаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта да талай қарсыласын шаң қаптыратынына сенімдімін. Өйткені, ол өте еңбекқор және төзімді. Аталмыш қасиеттер спортта көп нәрсеге қол жеткізуге зор мүмкіндік береді»,  дейді Жамбыл облысының бас бапкері Руслан Мұхамедгалиев.

Д. Пахлединов бұған дейін самбодан және қазақ күресінен Қазақстан чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері және «ІІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының» жеңімпазы атанған болатын.

Соңғы жаңалықтар