«Тараз» драмасына адамдар көңіл көтеру үшін бармайды - Нұртас Адамбай

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Жақында қазақстандық режиссер Нұртас Адамбайдың «Тараз» драмасы кино театрларда прокатқа шыққан. Бұған дейін «Сәбина келін», «Ауылдан қашу», «Сәбина келін-2» фильмдерімен өз көрерменін жинаған режиссердің бұл туындысы қаншалықты сәтті болмақ? Nurtas Production киностудиясының бұдан кейінгі жоспары қандай, бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында Нұртас Адамбайдың өзі тарқатып айтты.

- Қазақстан прокатына шыққан «Тараз» алғашқы демалыста 85 млн теңге жинады. Бұл бұған дейінгі түсірген киноларыңыздың рекордына жете алмады деп өзіңіз айттыңыз. «Тараздың» жалпы сәтті болатынына сенімдісіз бе?

- Жоба өзін ақтайды деп үміт артып отырмыз.  Бұл жолы пайда табуымыз қиындау екенін ұқтық. Себебі, «Таразда» «Сәбина келін» туындыларынан анағұрлым мол ақша жұмсадық. «Сәбина келін» - отбасылық фильм, ал «Тараздың» жанры ауыр. Бұл киноны көңіл көтеру үшін көрмейді. «Тараз» адамдарға ой түрткі болу үшін түсірілді. Сондықтан, біз алғашқы демалыстағы жинаған қаржыға ризамыз. Кино түсіруге кеткен 400 мың долларды ақтау үшін прокаттан 1,1 млн доллар табуымыз керек, өйткені кинотеатрлардың алатын пайызы бар. Қазіргі уақытта нарықтан ондай қаражат табу қиын.

 

- Қазақстандық кинематографияға қандай баға берер едіңіз, қазір ол қандай белесті еңсере алды?
- Биыл қазақстандық фильмдер көп түсірілді. Көбісі прокатқа да шықты. Естуімше, 30 кино картина бар. Білетінім, біздің шағын нарықты есепке алғанда олардың барлығы да коммерциялық жағынан сәтті бола қоймас. Кинотеатрлардың санының аздығынан бұл салада бизнес жасау қиынырақ. Бүгін біз (Nurtas Production студиясы) «Тараз» фильміне аз күш, аз қаражат жұмсамағанымызды түсіндік. Біздің тарапымыздан бұл қайырымдылық шарасы десе болады, сондықтан одан көп пайда көреміз деп отырғанымыз жоқ. Біз  реалистпіз. Осылай деп жоспарлағанымызбен, киноның сәтті қадам басқанын байқап отырмыз. Залдар толы, фильм туралы айтушылар көп.

Біздің қазақстандық кинематографияда белгілі бір деңгей бар, одан секіріп, асып кете алмайсың. Жалпы, кинематографияда жағдай жақсы. «Сәбина келіннің» жетістігінен кейін көпшілік кино түсіруге бетбұрды. Біреулерге бұл оңай көрінген болуы мүмкін. Тіпті, біздің өзіміз, сол алғашқы фильмдердегі рекордымызға жете алар емеспіз. Себебі, ол девальвацияға дейін болған еді.

Бұл жерде бірнеше факторды ескеру керек. Девальвациядан кейін 30-40 пайыз көрермен кинозалдардан кетті. Бұл түсім мөлшерін кеміткені сөзсіз. Бірақ, бұған біз қамығып қалғанымыз жоқ, жұмыс жасауға тырысамыз. Біз қаржымызды жобаға салып, одан пайда тауып, келесі жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Бизнестің мұндай түрі «Кино туралы» заңнамасыз, мемлекеттің қолдауынсыз ұзаққа бармайды. Басқа нарыққа, атап айтқанда Ресейге шығуға тура келеді. Неше рет ұсыныс жасасақ та «Қазақфильм» киностудиясы ынтымақтастыққа бармай отыр. Бізде  бірнеше жақсы режиссер бар. Оларға баға бергім келіп отырғаным жоқ, себебі олардың дені менің достарым, таныстарым, атап айтқанда: Ақан Сатаев, Асқар Бисембин, Асқар Узабаев.

-Егер кетсеңіз, ол жақта не түсіресіз?
-Киножобалар. Біз мұнымен әрдайым айналысатын боламыз.

-Телевизиялық әзіл-сықақ қойылымдарына оралмайсыз ба?
-Әзірге жоқ. Бірақ, егер команда жинай алсақ, нақтырақ айтқанда күлкілі сықақтар жазып беретін авторлар таба алсақ, онда оны жасауға болады. Біздің бұған дейін телевизиялық жобаларымыз рейтинг көрсете алды. Көрермені көп болды. «Жалғасы қашан болады?» деп сұрақ қоятындар көп. Әрине, мұнымен айналысқымыз келеді, бірақ, біздің стилімізге келетін сықақтар жазатын авторды әлі таппадық.

-«Тараз» фильмін санаулы көрерменге тұсауын кескен жабық көрсету кезінде сіз келесі жобаларыңыз психологиялық фильм болатынын айттыңыз. Осы туралы айтып беріңізші.
- Фильмді түсірмей жатып, ол туралы айтудың қажеті жоқ. Отарбаның алдына түсіп жүгіргіміз келмейді. Тек қана айтарымыз, бұл өте қызықты, шынайы, триллер жанрының элементтері бар фильм болмақ. Ол біздің әлеуметтік аспектілерді бейнелейтін психологиялық кино болады. Қазір осыны ғана айта аламын. Қазір пробасын жасап, актерлерді таңдап жатырмыз.

- Сіздің жаңа киноңыз көрермен көңілінен шыға ала ма?
-Бүгінгі таңда не болып жатқаны туралы адамдарға ой салып, көңілдерін толқытады деп үміттенеміз. Қазақстандық көрермендер - мейрімді, біздің киноны ұнатады. Біздің шығармашылығымызды ұнатпайтын адамдар да бар. Оларға Голливуд фильмдеріне баруға кеңес береміз де, қазақстандық сапалы фильмдерге бару керектігін түсінген адамдарға алғыс айтамыз. Құдайға шүкір, ондай адамдар баршылық.

- Болашақ фильміңіздің бюджеті қандай?
-Біз оған кететін шығынды әлі есептеген жоқпыз, бірақ аз ақша кетпейтіні белгілі және біздің жаңа жобамызға қолдау танытамыз деп отырған адамдар бар.

- Көрермендер «Сәбина келін», «Ауылдан қашу» секілді көпшіліктің көңілін тапқан фильмдердің жалғасын көре ала ма?
-Бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім жоқ. Біз қазір алдағы стратегиямызды қайта қарастырып жатырмыз. Біздің бұл мемлекеттен кетіп, өзгелер үшін кино түсіргіміз келмейді. Біз мұны бұрыннан ойлап келеміз, бірақ ерте ме, кеш пе бұл жүзеге асуы мүмкін. Бізде демеуші, мемлекеттік қолдау жоқ. Біз идея үшін алға жылжи беретін «Қызыл крест» ұйымы емеспіз. Біз әлеуетімізді таныту үшін, алдағы жобаларымыз үшін бізге үлкен кіріс керек. 

Соңғы жаңалықтар