Тамара Дүйсенова мектеп медицинасындағы өзгерістерді атап берді
«Заң жобасы қарастыратын мәселеге тоқталатын болсақ, мектеп медицинасын білім беру жүйесінен денсаулық сақтау саласына ауыстыруға байланысты. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекет балалар үшін медициналық сақтандыру қорына жарналарды төлейді. Сондықтан балаларға медициналық көмек көрсету келесі жылдан медициналық сақтандыру қорынан іске асырылады. Ал бүгінде бұл бағыттағы шаралар білім беру жүйесі тарапынан атқарылуда. Осы ретте мектеп медицинасын білім жүйесінен ауыстыруды қарастыратын алғышарт болып табылады»,-деп тоқталды министр.
Оның сөзіне қарағанда, мектеп медицинасын жауапты ведомствоға ауыстыру аясында ұйымдастырушылық өзгерістер қамтылады. Осы орайда енді білім беру жүйесіндегі медициналық пунктер емханалардың құрылымдық бөлімшелері болады.
«Ал медициналық мамандар штаттағы қызметкерлер қатарына енгізіледі. Профилактикалық тексерулерді тікелей емхананың мамандары өткізеді. Сонымен қатар бұл бағытта мектеп оқушыларын темекіні, алкоголь мен есірткі заттарын пайдалану тұрғысындағы кезеңдік тестілеу де қамтылады. Профилактикалық тексеру қорытындысы бойынша балаларды сауықтыру шаралары іске асырылады»,-деп түсіндірді Т. Дүйсенова.
Өз кезегінде Үкімет мүшелері заң жобасында қамтылып отырған бұл бастамаларды бірауыздан қолдады. Енді заңнамалық құжат Парламент қарауына енгізілуге әзір тұр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Т. Дүйсенова Министрлер кабинетінің назарына «Қазақстан Республикасының кекйбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасын ұсынды.
«Заң жобасы екі мәселені қарастырылады. Біріншісі, медициналық сақтандыру қорына жарнаны төлеу мерзімін жарты жылға шегеруге байланысты. Осы ретте жұмыс берушілер және өзін жұмыспен қамтыған азаматтардан жарналар мен төлемдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан емес, 1 шілдесінен іске асырылады. Сонымен қатар мемлекет халықтың белсенді емес бөлігі үшін жарнаны жарты жылға кейін төлейді, яғни 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлем жасайды. Сәйкесінше, медициналық сақтандыру жүйесінің медициналық көмек көрсету мен қордан төлем жасау да жарты жылға кейін басталады (2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап)», - деп нақтылады министр.