Сыдықов: Еуразиялық ықпалдасу - егемендік пен демократияны сақтау әрі нығайту қағидасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуразиялық ықпалдасу экономикалық даму талаптарын басшылыққа алып, егемендік пен демократияны сақтау әрі нығайту қағидасы. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ширек ғасырда Елбасының сарадал саясаты мен халқымыздың береке-бірлігі арасында Қазақстан Республикасы әлемге танылды, абыройы артты. Батыс пен Шығыс Қазақ елін  тұрақты, орнықты, меймандос, толерантты мемлекет ретінде қабылдайтын деңгейге көтерілдік. Ішкі үйлесім мен татулықтық асыл арқауы  «Мәңгілік ел» мұратына ұйыдық. Дүние мен айналада түрлі саяси, діни, әлеуметтік қақтығыстар, текетірестер жүріп жатқан қиын кезеңде Қазақстан жолы, Қазақстан ұстанымы, Қазақстан дипломатиясы  өңірлік және әлемдік ынтымақтастыққа, бауырластыққа жол бастады», - деді ол.

Осы орайда университет ректоры Еуразия қауымдастығы жиындарының нақты нәтижесі  Еуразиялық экономикалық одақтың мәні мен маңызы туралы кеңінен тоқталды.

«Заманауи еуразияшылдық осыдан 22 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың М.Ломоносов атындағы ММУ мінберінен «Еуразиялық одақ»  туралы айтқан тарихи сөзінен кейін қалыптасты. Елбасы алғаш рет еуразияшылдықты ірі ауқымда теориялық тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге практикалық саясаттың тармағы ретінде де белгіледі. Бұл еуразияшылдық ой тарихындағы маңызды белес еді. Бүгінгі еуразияшылдық  тұтас алғанда жаңа құбылыс. Ол демократиялы, саатты ашық, экономикалық дамуға мүдделі прагматикалық қоғамға серпін берді», - деді  Е. Сыдықов.

Сондай-ақ ол сөз соңында әлемдік және өңірлік дамудың, ынтымақтастықтың Еуразиялық моделі Қазақстан мен шектес мемлекеттерге сенім мен серпін беретіндігін баса айтты.

«Еуразияшылдық  - қоғамның тарихи тұрақтылығын, жаңаруын, дәстүрін сақтайтын қарқынды даму үйлесімі. Мұның рәмізі ретінде Астана құрылысы мен мәдениетін алсақ та жеткілікті. Еуразияшылдық  - Еуразиялық экономикалық одаққа, посткеңестік кеңістіктің шынайы ықпалдастуына бағдар жасау. Еуразиялық ықпалдасу  экономикалық даму талаптарын басшылыққа ала отырып, егемендік пен демократияны сақтау мен нығайту қағидасы», - деді Сыдықов.

Айта кетейік, Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасы және Еуразия кеңістігі: қазіргі заман мен даму келешегі» атты ел Тәуелсіздігің 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде. Оның жұмысына ҚР Парламенті депутаттары, отандық және шетелдік сарапшылар қатысуда.

Соңғы жаңалықтар