Сот тәжірибесі бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімді екендігін көрсетіп отыр - Бек Әметов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Дауларды сотқа де­йін ба­­­ла­малы негізде ше­шу­дің конституциялық не­гіз­гі принципі Қа­­зақс­тан Рес­пуб­­ликасы Конс­ти­ту­ция­сының 13-ба­бының 1-бө­­лі­гінде көрсетілген: «Әр­кімнің құқық субъектісі ре­тін­де танылуына құқығы бар жә­не өзінің құқықтары мен бос­тандықтарын, қажетті қор­ға­­ныс­ты қоса алғанда, заңға қай­­шы келмейтін барлық тә­сіл­дер­мен қорғауға хақылы». 2016 жылдан бастап қолданысқа енген жаңа Азаматтық процестік кодексінде «Сот медиациясы» ұғымы пайда болды. Сот медиациясы - дауды реттеудің судьяның жәрдемдесуімен жүзеге асыратын бітімгершілік рәсімі. Осы маңызды мәселенің қалайша шешіліп жатқаны жөнінде Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Бек Әметов ҚазАқпарат тілшісіне әңгімелеп берді.

Оның айтуынша, Жоғарғы сот дайындап, 2015 жылғы 31 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жариялы түрде қол қойған жаңа Азаматтық процестік кодексте дауларды татуластыру рәсімімен шешу тетіктері жан-жақты қарастырылып, дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізетін көптеген баптар енгізілді.

Жаңа Азаматтық процестік кодекске қол қойған сол тарихи сәтте заңнаманың маңызына тоқталған Елбасы аталмыш кодекс құқық саласын түбегейлі жақсартатынын айтып, мұны қабылдау заң үстемдігін қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосатынына сенім білдірді. Шындығында, заңнама аясында барлық негізгі құқықтық институттар қамтылып, осы саланы әлемдік озық стандарттарға жеткізетін елеулі өзгерістер енгізілген. Әсіресе, азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі сотқа прокурорлардың қатысуын азайту, соттардың қарауындағы істерді оңтайландыру, жаңа мән-жайларға байланысты істі қайта қарау тәсілін енгізу, дауларды татуластыру рәсімімен шешу секілді тетіктер Азаматтық процестік кодекстің маңызын арттыра түседі. Жаңа кодекс дауларды шешу мерзімдерін қысқартуға, тараптардың шығындарын азайтуға септігін тигізеді.

Азаматтық процестік кодекс бітімгершілікке келтірудің бұрыннан бар қағидалары мен рәсімдерін бүгінгі күнге сай жетілдіруімен де ерекшеленіп отыр. Оған дауларды реттеудің соттан бөлек тетіктерін жетілдіру мақсатындағы «Дауларды соттан тыс реттеу» деп аталатын жаңа тараудың енгізгені дәлел. Кодексте дауларды шешудің балама тәсілдері мол қамтылған. Жаңа қағидаларды саралап отырып, дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібіне, соттағы татуласу рәсімдеріне айрықша көңіл бөлінгеніне көз жеткізуге болады.

Бүгінде азаматтар Азаматтық процестік кодексте белгіленген тәртіпті пайдалана отырып татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасай алады. Татуласу келісімі бірінші, апелляциялық сатылардағы соттарда сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейінгі уақытта, сот талқылауының кез келген сатысында, сондай-ақ сот актісінің орындалуы кезінде де жасала береді.

Татуласудың тағы бір артықшылығы, мұнда сот шешімі орындалмай, орта жолда қалмайды. Келісімді өзара мақұлдағандықтан, тараптар ондағы шарттарды дер кезінде, белгіленген уақытта орындауға мүдделі. Келісім жасалғанда екінші тарап өзіне міндеттеме алған соң оны орындауға барынша күш салады. Ал, орындалмаған жағдайда да талапкердің өтініш хаты бойынша сот бекітіп берген атқару парағы мәжбүрлеп орындатуға жатады.

Тағы бір ескерерлігі, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, осы келісімді бекіту туралы ұйғарым «Медиация туралы» ҚР заңында және Азаматтық процестік кодексінде көрсетілген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Егер татуласу келісімі заңға қайшы келсе немесе басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзса, сот келісімді бекітпейді. Сот ұйғарымы шағым не наразылық келтіруге жатпайды.

Азаматтық процестік кодекстегі айтулы жаңалықтардың бірі  дауды партисипативтік келісім арқылы реттеу болып отыр. Партисипативтік рәсім - дауласушы екі тарап адвокаттарының келіссөздерді судьяның қатысуынсыз жүргізу арқылы ортақ келісімге келтіруге қол жеткізуі. Келісімге келе алмаған екі жақты бір үстел басына жинап, бітімге келтіру мәселесінде судьяларға қарағанда адвокаттардың мүмкіндігі кең. Құжаттағы татуласу келісіміне қойылатын талаптарға сай қос тарап арасындағы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар немесе олардың адвокаттары қол қояды. Мұндай жолмен татуласу талап қоюшыны төленген мемлекеттік баждан босататыны да - заңдағы ынталандыру тетіктерінің бірі.

Азаматтық процестік кодекс қолданысқа енгізілгеннен бергі аралықта бітіммен бітетін істердің санын өсе түсті. Жаңа заңнаманың тиімділігін түсінген адвокаттар, медиаторлар, басқа да құқық қорғаушылар дауды бітіммен бітіруге мүдделілік танытып, азаматтарға медиацияның тиімділігін түсіндіруге жаппай атсалыса бастады. Мәселесінің бітімгершілік жолдарымен тез шешілгені алдымен олардың өздеріне тиімді екенін көпшілік те ұғына бастағандай. Соттар  қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде бітімгершілік рәсімдерді және медиацияны қолдану әдістерін жергілікті жерлерде кеңінен түсіндірудің жолбасшылық тізгінін ұстап отыр. Атқарушы, өкілді органдармен бірлесе отырып, ауылдық округтер мен аудан, қала, облыс орталықтарында медиация кабинеттерінің ашылуына қол жеткізілді. Соттар медиация кабинеттерінің жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, жүйелі түрде құқықтық көмектер көрсетіп келеді. Қазіргі кезде медиация кабинеттері мен медиаторлар әр ауылда бой көтере бастады.

Батыс Қазақстан облысындағы барлық аудандық соттарға қарасты аумақтардағы ауылдық окургтерден тегістей медиация кабинеттері ашылып, кәсіби емес медиаторлар қатары толығуда. Өткен 9 айда облыста татуластыру рәсімдерімен 1061 азаматтық іс қаралып, 180 тарап бітімгершілік келісімге келді. Медиация тәртібімен қаралған 877 істің 610-ы бойынша сот медиациясы қолданылды. 267 дау медиаторлардың қатысуымен шешілді. Небәрі 4 дау ғана партисипативтік рәсіммен реттелді. Сот өндірісінен қысқартылған істер бойынша медиацияның үлесі 64,4 пайыз құрап отыр.

Тоғыз айда 6177 арыз оңайлатылған (жазбаша) өндіріс тәртібімен қаралып, сот бұйрықтарын қоспағанда, барлық қаралып біткен істердің 43 пайызын құрады.

«Елдегі бірлік пен татулықтың жаймашуақ ахуалы, қоғамның тұрақты дамуы, ізгілендірілген және бітімгершілік заңдарының басымдылық алуы Қазақстанның жаңа мыңжылдықтың орта шеніне дейінгі мақсатты бағдарламаларының жүзеге асуына серпін береді. Ал қоғамдағы кез келген қайшылық пен дауды азаматтық келісім аясында шешуге қолданыстағы заңнамалардың бітімгершілік рәсімдері мен медиация тәсілдері мол мүмкіндік берері анық. Өйткені сот тәжірибесі татуластыру мен бітімгершілік рәсімдерін қолданудың тиімді екендігін көрсетіп отыр», деп түйіндеді ойын Б.Әметов.

Соңғы жаңалықтар