Шымкентте жылумен қамту қараша айына дейін толық аяқталатын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттіктерді жылумен қамту жұмысы қараша айына дейін толық аяқталады. Қала басшылығы берген соңғы мәлімет осындай.

Қазір облыс орталығындағы 329 көп қабатты үйлер мен 20-дан астам бюджеттік мекемеге автономды жылыту қазандықтары мен стансалар арқылы жылу берілуде. 1200 үйдің ішкі жүйелері мен жылуға қосылатын құбырлары толық тексеруден өтті. Орталықтандырылған құбырлардағы жөндеулер аяқталып, монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын дейді жауапты мамандар. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар сала басшыларымен бірлесе Шымкенттегі жылу беру қазандықтарын аралап көріп, жұмыс істеу жүйесімен танысқанын өткенде хабарлаған болатынбыз.

Аймақ басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал. болатын қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде, аталған жылу беру орталығы арқылы 24 көпқабатты тұрғын үй мен  6 бюджеттік мекеме осы жылдың 17 қазанынан бастап орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіле бастады. Өткен жылы іске қосылған бұл қазандықтың бүгінде өз қуаттылығымен жұмыс істемей отырғанын алға тартқан қала әкімдігінің жетекшілігі облыс әкімінен осы маңдағы көпқабатты үйлерге қосымша жылу құбырларын тарту үшін бюджеттен қаржы қарастыруды сұрап, тағы осы іспеттес қазандық салу қажеттігі туралы ұсынысын жеткізген болатын.

Өз кезегінде облыс әкімі Ж.Түймебаев қаланың жылу беру жүйесін тиімді ететін арнайы сызба әзірлеуді тапсырып, жаңа қазандық салу бойынша ұсынысты келер жылдың бюджеті арқылы шешуді жүктеді. Жылу жүйесінің дайындық барысын пысықтаған облыс әкімі сапар барысының қорытындысы бойынша бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың қазанның соңына дейін жылумен қамтылуын міндеттеген еді.

Соңғы жаңалықтар