Шымкентте Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті 28 қыркүйекте Шымкентте Қазақстан халқы тілдерінің республикалық фестивалі аясында Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің XVIII республикалық байқауын өткізеді.

   Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, ел ішінен талапты, талантты жастарды іздеп табу. Көркем шығармаларды оқып-үйрену мен насихаттауда жастардың ықыласы мен қызығушылығын арттыру.

   Бұл шараға еліміздің 14 облысынан және Астана, Алматы қалаларынан облыстық, қалалық деңгейде өткізілген байқаулардың жеңімпаздары (барлығы 16 үміткер) қатысады. Ережеге сәйкес үміткерлер Оралхан Бөкейдің және басқа да елімізге белгілі, сөз өнеріміздің дамуына өзіндік үлес қосқан драматург, ақын-жазушыларымыздың кез келген шығармаларынан үзінді оқып, өз өнерлерін ортаға сала алады.

Қатысушылардың шығармаларын зиялы қауым өкілдері мен ғалымдардан құралған қазылар алқасы бағалайды және анықтайды. Ал жеңімпаздар дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

Соңғы жаңалықтар