Шымкентте «Нұрлы жол» бағдарламасымен 14 мектеп салынуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласында салынып жатқан мектептердің құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Халық саны күн санап өскен өңірде мектеп пен балабақшаға деген сұраныс артып отыр. Шымкентте жылына шамамен 4500 бала дүниеге келетіндігін, сәйкесінше жылдан-жылға қала орталықтарындағы мектептердің тарлық етіп отырғанын жеткізген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов биылдың өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 5 мектеп салынып жатқанын айтты. Сондай-ақ ол, «Шымкентте саманнан салынған 12 мектеп бар» деді.

«Ақжайық» шағынауданындағы №59 мектептің жаңадан салынып жатқан ғимаратында болған облыс әкімі 600 орынға лайықталған жаңа білім ұясының құрылысына заманауи материалдарды пайдаланып, мектептің едені шыдамды төсенішпен жабылуына, терезесі кең болуына мән беру керектігін жүктеді. Сонымен бірге, мердігер компания «Шахар Құрылыс International» ЖШС-нің басшысына құрылысты жоспардағы кестеден кешіктірмей, дер кезінде тапсыру қажеттігін ескертті.

Бұдан кейін облыс басшысы «Қайнарбұлақ» тұрғын алабында салынып жатқан 1200 орынға лайықталған жаңа мектептің де құрылысына жіті мән беріліп отырғанын атап өтті. Құрылыс басында журналистерге берген сұхбатында Жансейіт Қансейітұлы биыл облыс бойынша 63 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 14-і «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқанын жеткізді.

«Жалпы білім саласына қатысты биыл құрылысы жүргізіліп жатқан 67 нысанның 63-і мектеп. Оның 37-сінің құрылысы аяқталды. Енді қараша айында 2 мектеп толық пайдалануға беріледі. Ал қалғандарының құрылысы келесі жылы аяқталады деп күтілуде», - дейді облыстық құрылыс басқармасының басшысы Салыхан Полатов.

Айта кетейік, мектептер әсіресе, халқы тығыз қоныстанған Шымкент қаласы мен Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында салынуда.

Соңғы жаңалықтар