Шымкентте ҚИК пәтерлеріне құжат қабылдау басталады

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы орталығында «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» арқылы берілетін пәтерлерге құжат қабылдау басталады. Бұл туралы қала әкімдігінің сайты хабарлады.

«ҚИК» АҚ-ы бағыты бойынша қатысу үшін жергілікті атқарушы органда кезекте тұру және төмендегі санаттарға жату қажет: көп балалы отбасылар; толық емес отбасылар; мүгедек балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; оралмандар; мемлекеттік, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

 «2016 жылдың 3 қазанынан 7 қазаны аралығында «ҚИК АҚ» бағыты бойынша Шымкент қаласы, Төлеметов көшесіндегі   тапсырылатын 7 қабатты 2 тұрғын үй 96 пәтерге өтініштер қабылданады. Өтініштердің «Е-gov» порталына тіркелуін  ЭЦҚ кілті арқылы әрбір қатысушы өзі қамтамасыз етеді», делінген хабарламада.                                                     

Осыған дейінгі КИК бағыты бойынша құжаттарын тапсырған, бірақ тұрғын үймен қамтылмаған азаматтар қайтадан өтініштер мен құжаттарын «Е-gov» порталы  арқылы  тапсыруы қажет.

Өтініштер мен құжаттардың  электронды түрде тапсырылуы бойынша кеңес беру халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы «Е-gov» пунктерінде және Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі (Желтоқсан көш., 18, каб. 203 ) арқылы жүргізіледі.

 «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» арқылы берілетін пәтерлердің сипаттамасы - Шымкент қаласы, Төлеметов көшесі - 7 қабатты, 2 тұрғын үй (96 пәтер):

- 1-бөлмелі - 24 дана, пәтердің жалпы алаңы 32,0 шаршы метр;

- 2-бөлмелі - 48 дана, пәтердің жалпы алаңы 45,0 шаршы метр;

- 3-бөлмелі - 24 дана, пәтердің жалпы алаңы 55,0 шаршы метр.

Пәтерлер сатып алу құқығымен 20 жылға жалға беріледі. 1 шаршы метрдің 1 айға жалға беру құны 924 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар