Шөптібай Байділдин: Кейкінің батырлық бейнесін толық аша алмай келеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1916 жылғы Торғай даласында болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы туралы деректерге қаншалықты қанықпыз? Мәліметтерге сүйенсек, Кейкі батырдың туғанына 2016 жылы 143 жыл толады. Осы уақыт арасында Кейкі жайлы естелік, аңыз-әңгімелер толастаған емес. Әйтсе де, Кеңес үкіметі тұсында батырдың атын атауға тыйым салынып, кейінгі ұрпақ арасында Кейкі туралы әңгімелер ауыздан-ауызға ғана жетіп отырғаны белгілі. Батырдың бейнесін толық ашып, жұрт білмейтін кейбір қасиеттерін таныту мақсатында соңғы жылдары көптеген еңбектер жазыла бастағаны белгілі. Соның бірі белгілі қолөнер шебері, Қостанай облысының «Қазына» меценаттар сыйлығының иегері, Арқалық қаласының құрметті азаматы, өлкетанушы - Шөптібай Байділдиннің «Кейкі батыр» атты туындысы. Осыған байланысты 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығы аясында Кейкі батыр туралы, оның өмір сүрген ортасы туралы зерттеулер жасаған Шөптібай Байділдинмен сұхбаттасқан едік.

-  Кейкі  батырдың өмірін зерттеу, кітап шығару ісіне барудағы мақсатыңыз не?

- Кейкі батыр  жайлы  кітап жазуды  сонау  1963 жылдан  бері  армандаған едім. Өйткені, ең біріншіден мен сол Кейкі батыр туған өңірде өстім, сол елдің азаматымын. Екіншіден,  Кейкінің  көзін  көрген, батырмен дәмдес болған  қариялармен  жиырма жылдан астам аралас-құралас  болдым, әңгіме-дүкен құрғанмын. Кейкі  жайлы  ел аузынан  жинастырған  мағлұматтарым да жеткілікті. Үшіншіден, қазақ халқының жүрегінен мәңгілік орын алып, халық жадында қалған бір батыр болса ол - Кейкі батыр. Халқы батырын сүйгені сонша оны тіпті өлімге қимай аңызға айналдырады. Мәселен, бірі Қарсақбайда 30-жылдары тірі көрдік десе, біреулері Қытай асырып ұйғырлардың арасынан көреді. Енді бір ағайыны жиырмасыншы жылдардың ортасында  «Тасты»  бойына келіп кетіп жүрді десе, енді бірі тіпті өлген жоқ, елден тірі кетті деп болжам айтып асыл азаматын өлімге қимайды. Міне, осындай жағдайларды сараптай келе, мен жылдар бойы жиған-тергенімді жариялап, ауыр жүктен құтылғым келген болатын. Бұл бір жағынан менің азаматтық борышым. Сондықтан да Кейкі жайлы өз қал-қадірімше ой толғаймын. Оқырман керегін алар, артық-кемін өлшер. Мақсат - «Отаным, халқым» деген  асыл азаматты тарих сахнасына шығару, бүгінгі  ұрпаққа  насихаттау.

- Халықтың хас батырды өлімге қимайтыны да рас. Десе де, Кейкі батырдың өлімін нақты суреттеп бере аласыз ба? 

- Әрине, кейбір әңгімелер секілді мен де Кейкінің тірі кеткенін тілер едім. Өкінішке қарай, батырдың ақтық демі 1923 жылы 19 сәуір күні Жыланшықтағы Рахмет болыс ауылынан солтүстікке қарай 5 шақырым «Жалаулы» өзені бойындағы Ожан (руы) Сүтемгеннің Жәкенінің үйінде таусылды. Кейкі батыр Торғайдан Желяевтің басшылығымен келген жазалаушы қызылдар қолынан, солармен атыста оққа ұшты. Батыр жалғыз өлген жоқ. Қызылдар оның аяулы жары «Қарғалы - Қайдауылдың» атақты байы Есенғұлдың қызы, айы күні жеткен аяғы ауыр ана Ақжанды атты, онымен  қоймай, ананың қарнын қылышпен жарып жазықсыз сәбиді шауып өлтірді. Қандықол қарақшылар атпаймыз деп уәде берген екі татарды да Кейкінің туған інісі Шұбарды (Нұрмұханбет) атып, артынан шауып, турап кетті.

- Бұл оқиғаны көзімен көргендер бар ма, сонда?

- Осы қанды қырғынды көзімен көрген қарттар арасында 22 жыл қызмет атқардым, әңгіме-дүкенін тыңдадым. Олар Кейкінің  қандыкөйлек достары, сыйластары, сырластары, туыстары, інілері-қарындастары болатын. Жан түршігерлік оқиғаның куәсі болған әкемнің туған інісі Сейтқасым 1983 жылы 86 жасында, сол атыста аяғынан оқ тиген Жәкен қызы Бижамал 1980 жылы  69 жасында қайтыс болды. Бірі Ұлы Жыланшықта, бірі Арқалықтың Аңғар қорымында жатыр. Сол қанды қырғынды Жәкеннің отбасы, Бегімбет Ағатан әулеттері Бірғали, Байғабыл, Қылдыбайдың Табылдысы, Шүленнің Шекері Омардың Бәйілдасы, Жамбылдың Сейтқасымы, Мұқанның  Саржаны, Ахметтің Құсейі, Қарабайдың  Асқары, Тұяқтың Сейтімдері көрген. Олардан бүгін ұрпақтар бар.

- Ал жалпы осы оқиға қалай басталған еді? Торғай даласындағы көтерілістің мән-жайына да тоқталсаңыз?

- Жалпы бұл қайғылы қанды оқиға болған жер Торғай - ұлт-азаттық көтерілісінің алғаш ошағы болған  аймақ. Олай дейтін себебіміз, 1916 жылғы көтерілісті бастаған, көтеріліске қарсы жастарды кейіннен жаппай халықты соңынан ерткен Амангелді Үдербайұлы Иманов екенінде дау жоқ. Олай болса, батырдың алғаш ұрандап атқа қонған жері де осы Жыланшық бойы. Соңынан алғаш ерген де Ұлы Жыланшық азаматтары. Жастарды қара жұмысқа бермейміз деп, халық толқығанда «Дулығалы бойындағы» Болаттың Қызылжары деген жерде отырған Бегімбет руының атақты байы - Алтынбайдың үйінде Амангелдінің ағайындары бас қосып, көтеріліске шығуға уәде байласқан. Осы ортаға жиналып, ауылы іргелес батырдың шешесі Қалампырдың төркіндері Бердікей Ишан әулеттерінен жиені Амангелдінің бата алғаны тарихи шындық. Оған ешқандай талас жоқ. Бұл тарихи оқиғаны біздің Торғай аймағы білмесе, болмаса білгісі келмесе, ал Ұлытау Жезқазған аймағы жатқа біледі. Бұрынғы Торғай облысына қараған жер Кеңес дәуірінде Жезқазған облысының құрамында болды. Осы дерекпен алсақ, Аманкелді де, Әліби де Ұлытау ауданы Жезқазған облысы азаматы болып шығады. Тіпті көтеріліс ошағы Торғайдан Ұлытауға ауады. Айта кетерлігі, соңғы кездері әртүрлі басылымдардағы орынды орынсыз болжаулар, тарихи деректі бұрмалау орын алып қалып жатыр. Шындықтан ауытқу батыр үшін де, жазған автор үшін де, тарих үшін  де пайда  бермесі анық. Тарихи оқиға оның нақты шындығымен құнды. Сондықтан тарихи шындықты бұрмалау тарихқа қиянат, яғни тура жолдағы оқиғаны басқа арнаға бұру кешірілмес күнә екенін ескеру қажет.

Осы тұрғыдан келгенде, бір шындық анық. Ол - Кейкі батырдың 1923 жылы осы Жалаулыда 19 сәуірде қызылдармен атыста қаза табуы. Жанында Түскен емес туған інісі  Шұбар (Нұрмұханбет), әйелі Ақжан Есенғұлқызы (Қарғалы-Қайдауылдың байы) және Кейкіні сатқан екі татар азаматы болған. Кейкімен  бірге  өлген  інісі  Шұбар  деп  батырдың  өлімін  көргендер  бірауыздан  растайды.

- Дегенмен, Сіздің зерттеуіңіз бойынша Кейкі кім? Ол өскен орта қандай?

- Тарих қойнауына назар аударсақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде бүгінімізді бағамдап, өткенімізге ой жіберіп, елдің, жердің тарихын зерттеуге, зерделеуге бетбұрыс басталды.  Кешегі кеңес заманында тарихи жер аттары сырттан келген ағайынның ықпалымен түгелге жуық өзгертілді. Тарихи тұлғаларымызды жауыз, құбыжық етіп көрсету етек алды. Неше алуан батырлар - барымташыға, берекелі байлар - ақылсыз азғынға, ғұлама діндарларымыз - залым алдаушы дүмшеге айналдырылды. Осы салада билік саналы, жоспарлы жұмыс жүргізді. Сол жасалған қиянат, жағылған күйе, жабылған жала басқаның емес өз қандастарымыздың қолымен жасалды. Осындай барды жоқ етіп көрсетуден көптеген асылдарымыздан айырылдық, тарихымызды ұмыттық. Елдің-жердің тарихы зерттелмеді. Шүкір бүгінгі күні елдің өткеніне, бүгініне, болашағына арналған бағдарлама зерттеулер бар. Тарих қойнауына үңілген азаматтар елдің-жердің тарихына, сол кезеңде өмір сүрген тарихи тұлғаларды зерттеп, жинақтап баспа бетіне шығарып жатыр. Біздің киелі Торғай  топырағында халқына адал қызмет атқарған, барша саналы ғұмырын халқымыздың тәуелсіздігі мен бостандығына арнаған, сол жолда құрбан  болған  азаматтар қаншама. Көбінің аттары аталмай түстері түстелмей, жасаған игілікті істеріне баға берілмей келеді. Көп жағдайда аумалы-төкпелі заманның құрбаны болған кешегі ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандары  елеусіз  қалып  келеді.

Кейкі батырды тірісінде көп адам түсіне бермеді, қәзір де көп жағдайда түсіне бермеуі мүмкін. Сыры ашылмаған жұмбақ адам. Алдымен аруақты діндар, ақын адам. Өмірі ат үстінде салауат айтумен өтті. Елді тәуелсіздікке, бірлікке, бостандыққа шақырды. Ешкімге тәуелді болғысы келмеді. Еркіндікті, ерлікті аңсады. Сондықтан да кісіге, қоғамға тәуелділіктен қашты. Көктегі қыранша, жердегі арланша еркін өмір сүруді қалады.

 Бірақ... Тағдыры тәлкекке түсіп, қайда барса да өзін жау көрген жазалаушы топтан қашқан есіл ер отанынан пана таппай, жанын шүберекке түйіп өтті. Кімнің дос, кімнің қас екенін ажырата алмай, өмірінде алысумен, арпалысумен үнемі жортуылдар да жүріп, ағайынның теріс үгітінен, сатқындығынан оққа ұшты.  Дос дегені дұшпан болды, жолдас дегені жау болды. Бірі қоғамға өмірге аралас десе, бірі кері үгіттеді. Осындай түйіні қиын заманда өмір сүруі, бүгінге дейін жүрген жолы, жасаған қызметі, атқарған ісі халық үшін төккен тері нақты арнаға түспеген, жұмбақ адам.

Жек көргендері бас бұзар «банды» десе, еңбегін білетіндер, көзкөрген тұстастары теңдессіз батырлығын тамсана айтады. Тіпті туған жылы мен қайтқан жылы да әртүрлі айтылады. Күн өткен сайын хас батырдың биік тұлғасы айқындалып келеді. Кейкі - рухани батыр. Ел үшін, қазақ үшін құрбан болған азамат. Кешегі кесірлі кеңес заманында Кейкіні аса қатал жау көрген саясат оны шамасы келгенше тарих сахнасынан өшіруді мақсат тұтты. Кім не жазса да «жауыз», «банды», «қанышер» дегеннен аспады. Мамыражай күн кешкен отырықшы қазақтың тыныс-тіршілігін тәлкекке салып елді алатайдай бүлдірген саясат Торғай уезінің тоз-тозын шығарды.

- Кейкі батырдың азаматтық, батырлық бейнесі мен қасаң тағдыры толық ашылды деп айта аласыз ба?

- Жоқ.Кейкі батыр халық жадында мәңгі қалған адам. Кейкі - халық сүйген образ. Өзіндік дәстүр ұстанып, шариғат жолында адасқан адам деп айтушы азаматтар да кездеседі. Мүмкін солай да шығар. Ол кездегі Кейкінің бастан кешкен қайғы-қасіретін көзбен көріп барып ой түюге болар. Ал менің мақсатым, ой-мүддем өмірден жақсылық көрмей, барша ғұмыры арпалыспен өткен азаматтың тағдырын әр қырынан өз білгенімше халқына жеткізу. Елім, жерім, қазағым деп жалғыз жүріп жауға шапқан хас батырдың ерлігін, әркез әр жазушылар жазып та, айтып та жүр. Әрине, мен де бейнесін жеткілікті аша алмауым мүмкін, мен жазушы емеспін. Мен - қарапайым ауыл қазағымын. Дегенмен, бір анығы,  Кейкі батырдың батырлық бейнесін толық аша алмай келеміз. Басқа өркениетті елде, басқа халықта Кейкі батыр сияқты халық жадында сақталған, елі сүйген тұлға болса баяғыда-ақ оның әруағын асқақтатып атына елді мекенді де, көшені де берер еді. Қазақстан тарихына, энцоклопедияға, оқулыққа кіргізіп ерлігін насихаттар еді. Кейкі  батыр  шетелдердің  біріндегі  кейіпкер  болса, әлдеқашан   оның  ерлігін  көрсетер  неше  алуан  кинолар да  түсірген  болар еді, өкінішке  қарай  бізде  ондай  қадам  жоқ. Егер  ондай  игілікті  іс  жасалып  жатса, келешек  ұрпаққа  патриоттық  тәрбие  болары  сөзсіз.

Біздің мақсатымыз - батырымызды дәріптеу, еңбегін елеу, азаматтығын марапаттау, ерлік ісін келешек ұрпаққа насихаттау. Патриоттық тәрбие деген осы. Өзімізді өзіміз зерделеп, зерттеп, жақсылығымызды көрсете алмасақ, уақыт өте келе талай тарихи тұлғалардың жоғалатыны анық. Осы уақытқа дейін жоғалғаны қаншама? Өзіміз толық зерттеп, дәріптей алмаған жерлесіміз Қыпшақ Сұлтан Бейбарыс туралы арабтар түсірген киноға қараңызшы. Қандай керемет, салиқалы, парасатты түсірілген. Басқа ел, басқа жер адамдары қандасымызды алақанға салып, дүние жүзінде насихаттап, сол арқылы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанды, тарихи қазақ халқын марапаттап, айбарымызды аспандатып, мерейімізді өсіріп жатқан жоқ па?

- Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар