Шетел туристерін қазақтардың тарихы мен мәдениеті қызықтырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан ішіндегі туризмде жағажайдағы демалыс сұранысқа ие. Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан қонақ үйлері мен мейрамханалары қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова мәлім етті.

«Әкімшілік мүмкіндіктер мен елдегі туризм идеологиясы тұрғысында туризм мәртебесін арттыру керек болып тұр, яғни баршамыз Қазақстанда туризмге белсенді түрде назар аударуымыз қажет»,-деп тоқталды Р. Шайкенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға арналған дөңгелек үстелде.

Оның пайымынша, туризм саласына салаға жауап беретін департаменттің де мәртебесін көтеру қажеттігі туындап отыр. Осы ретте онда білікті мамандардың санын көбейтуге де мән берген дұрыс.

«Ішкі туризмге тоқталатын болсақ, бұл тұрғыда Қазақстан азаматтарын қандай өнімдер мен қызметтер қызықтыратынын жіті білуіміз керек. Әрбір екі жылда бұл саладағы сұранысқа байланысты зерттеу жүргіземіз. Осы орайда әрдайым жағажай туризмі бірінші орында келеді, яғни бұл бағыт ел азаматтары үшін ең көп сұранысқа ие болып отыр. 2014 жылы зерттеу барысында жағажай туризмімен қатар, емдеу-сауықтыру туризмінің үлесі арта бастағанын аңғардық. Сондықтан да бүгінде ішкі туризмді дамытуда аталған екі сегменке қолдау жасау қажет»,-деді Р. Шайкенова.

Сонымен қатар ол бүгінде қазақстандық туристер көрсетілетін қызметтердің сапасына айрықша мән беретінін , осы ретте салада қызмет ететіндер бұл мәселеге назар аударуы тиістігін қадап айтты.

«Ал елімізге сапарлап келетін шетелдік туристерге қазіргі кезде әралуан табиғатымызды және ерекше мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді ұсына аламыз. Яғни осы бағытта халықаралық туристерге еліміздің өзіндік ерекшелігі, тарих пен мәдениет, түркі өркениеті қызықты. Атап айтқанда, бұндай ерекшеліктермен біз мақтана аламыз»,-деді қауымдастық президенті.

Соңғы жаңалықтар