Семей театры Оралда «Адасқан бақ құсын» қойды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында өтіп жатқан ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі аясында Семей қаласынан келген Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры автордың «Адасқан бақ құсы» шер-шеменін қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш спектакльді Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубай сахналаған. Семей театрының белді актерлері ойнайтын қойылым биліктің ауысу кезіндегі халықтың басындағы күрделі ахуалды бейнелейді. Яғни бұрынғы патша өліп, орнына жаңасы келеді. «Жаңасы» болғанда қандай, бақ құсы қас қылғанда қарапайым қасапшының басына қонады. Әркім өз биігінен қарайды дегендей, қасапшы бәрін қанға батырып, елді зорлықпен басқарғысы келеді. Тіпті өзіне бақыт әкелген бақ құсын да аямайды. Дегенмен өзі де ақыры құрбандыққа айналады. Бәрін кері кетіріп барып, соңынан түзеудің орасан зор күшке түсетінін, бұдан тұтас халықтың қайғы-қасірет шегетінін мегзейді спектакль. Патша қасапшыға, халық тобырға айналса, ондай елдің күні қараң. Ендеше, елдің болашағы да бақ құсының ауыспай қонуына байланысты екен... Демек, қойылымның астары терең, қатпары қалың. Ойландырады, толғандырады. Автор мен режиссердің мақсаты да осы болса керек. 

Еске сала кетейік, Иран-Ғайыптың театр фестивалі 27 қазан күні мәреге жетіп, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталатын болады. 

null null 

Соңғы жаңалықтар