Рудныйда адамдарды екі тәулікке үйлерінен бездірген «лаңкес» жазаланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2016 жылдың 4 қыркүйегі күні Қостанай облысының Рудный қаласындағы көпқабатты тұрғын үйден адамдар қауіпсіз жерге көшірілген болатын.

Себебі Ленин көшесінде орналасқан тоғыз қабатты бұл үйден «жарылғыш зат» іздестірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Алау» ақпараттық порталына сілтеме жасап.

Айыпталушы лифттің қабырғасына маркермен: «5 қыркүйек күні барлықтарыңыз өлесіздер», «үйлеріңізде бомба жарылады», деп жазған еді. Арнайы қызмет мамандары «жарылғыш затты» іздегенше адамдар екі тәулік бойы үйлеріне кіре алмады.

Кейін лаңкестік актісі туралы көрінеу жалған ақпарат таратқан күдікті - Ерлан Ақмырзаев ұсталды. Сотқа дейінгі өндіріс кезінде прокурор мен айыпталушы арасында қорғаушылардың қатысуымен процессуалдық келісім жасалды.

20 қазан күні Ақмырзаевқа қатысты үкім шықты. Облыстық соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ол жазасын жалпы режімдегі абақтыда өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен қоса, хабарламаны тексеруге шыққан арнайы қызметтерге үш миллион теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеуі тиіс. 

Соңғы жаңалықтар