Республикада қауіпсіздік қағидаларын сақтамаудан бес мыңнан астам өрт орын алған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде қауіпсіздік қағидаларын сақтамаудың салдарынан 2015-2016 жылдары 5 мыңнан астам өрт орын алыпты. Өрт әсіресе жылу беру маусымы кезінде өршіген.

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының бірінші орынбасары Сәбит Битаев мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, өткізіліп жатқан үгіттеу-профилактикалық жұмыстарына қарамастан 2015-2016 жылдары жылу беру маусымы кезінде республикада 7 616 өрт тіркелді. Соның ішінде 73 %  (5 581 өрт) тұрғын секторда өрт қауіпсіздігін сақтамау салдарынан орын алған. Нәтижесінде,  1,29 миллиард теңге көлемінде материалдық залал келген. 370 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алып, 232 адам көз жұмған» - деді Сәбит Битаев.

Өрттің шығуына халықтың отты абайсыз пайдалануы ( 2 273), пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік қағидаларын бұзу (1147), электр жабдықтарды монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзуы (746) себеп болған. 

С.Битаев ведомство жүргізіп жатқан өрт профилактика шаралары туралы да айтып өтті. «Нұсқаулықтар жүргізу кезінде эвакуациялау жолдарының, көппәтерлі тұрғын үйлердегі көпшілік пайдаланатын орындардың жай-күйіне ерекше көңіл бөлінеді. Бөтен адамдардың шатырдың асты мен жертөлеге рұқсатсыз кіруіне жол бермеу, отынды сақтау режімі, қазандықтар мен басқа да жылу беретін құрылғыларды пайдалану қағидалары түсіндіріледі.

Сондай-ақ оқу орындарында оқытушылардың қатысуымен мектеп оқушыларына дәрістер беріліп, бейнероликтер көрсетілді. Алда қазан айында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия өткізгелі отырмыз. Бұл жүмыс жергілікті жерлерде, облыс, қала, аудан әкімдері басқаратын төтенше жағдайлар жөніндегі комиссиялар деңгейінде ұйымдастырылады», деді С.Битаев.

Брифинг соңында өрт қауіпсіздігі сенбілігі өткізіліп, 80 мыңға жуық ақпараттық брошюра, нұсқаулық, жадынама таратылып, 50 мыңнан астам тұрғын үйдің қамтылғаны белгілі болды. Сондай-ақ ведомство басшысының орынбасары С.Битаев елімізде волонтерлер қауымдастықтарына өтініш жасап, халық арасында бірлесіп үгіт-насихат жүргізуге шақырды. 

                                                                                                                                                                                                         Жансая Сыдықбай  

Соңғы жаңалықтар