Павлодарға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалар жинағы жеткізілді

None
None
Павлодарда Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бөлім меңгерушісі Ербол Қайыров қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылы Қызылордада жарыққа шыққан өлеңдер жинағын жеткізді. Жерлесіміздің сирек кездесетін кітабы жуырда музейге қойылады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Сұлтанмахмұт Торайғыровтың толық шығармалар жинағы» деп аталатын жинаққа ақынның өлеңдері, әңгімелері және поэмалары топтастырылған. Ақын өмірден өткен соң, оның еңбегін Жүсіпбек Аймауытов он жылдай жинақтап, алғы сөзін жазып, баспаға тапсырған. Бірақ, Ж.Аймауытов «халық жауы» деген жалған жаламен ату жазасына кесілген соң, ол кітаптың алғы сөзін Сәбит Мұқанов жазған. Абайтанушы, ғалым Қайым Мұхамеджанов бір еңбегінде: «Жүсіпбек болмаса Торайғыровтың толық жинағының шығуы, оның толық өмір тарихын білуіміз неғайбыл еді» - деп жазады.

«Бұл қолжазба бұған дейін Қазақстанның халық ақыны Дихан Әбілевтің үйінде сақталған екен. Алматыға барған сапарымда Дихан Әбілевтің үйіне арнайы барып, жерлесіміздің осы еңбегін қолға түсірдім. Бұл енді біздің музейде сақталады. Өлеңдер жинағы Алматының басқа кітапханаларында бар ма, жоқ па білмеймін. Бірақ, Павлодардың басқа музейлерінен де, кітапханаларынан да таппайсыз. Ақын мұрасын көріп, танысамын деушілерге есігіміз ашық, - дейді Ербол Қайыров.

Айта кетерлігі, ақынның артында екі роман, бес поэма және көптеген өлеңдер мен очерктері қалды. Алғашқы кітабы - «Адасқан өмір» романы. Ол С.Торайғыров қайтыс болғаннан кейін 1922 жылы Қазан қаласында белгілі ақын Бернияз Күлеевтің бастамасымен жарыққа шыққан.

null 

Соңғы жаңалықтар