Павлодарда мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсететін мекеме анықталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда облыстық «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» конкурсының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Гүлсара Кокинаның айтуынша, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай тұңғыш рет ұйымдастырылған байқауға қатысуға 15 адам өтініш берген. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, мейрамхана даяшылары және қаржылық ұйымдардың мамандары бар. Ережеге сәйкес үміткерлер өздерінің жұмыс күнінен қысқаша бейнеролик түсірді. Қазылар алқасы қатысушылардың мемлекеттік тілде сөйлеу мәнеріне, кәсіби шеберлігіне және бейнероликтің мазмұнына баса назар аударды. Сондай-ақ, үздік шыққан үш қатысушының жұмыс орнында тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас жасауы ескерілді.

«Жыл сайын қыркүйек айының үшінші жексенбісі тілдер күні ретінде аталып өтілуде. Осыған орай тамыз және қыркүйек айларында облыс бойынша 200-ден астам іс шара ұйымдастырылды. Ал «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» байқауын биыл алғаш қолға алдық. Соған қарамастан қатысуға өтінім бергендердің қатары көп болды және ұсынған материалдарының сапасы да жоғары», - деді Гүлсара Кокина.

 Байқау қорытындысы бойынша «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің құжаттарды қабылдау жөніндегі маманы Сәния Қасанова бірінші орынға, «Еуразиялық банкі» АҚ қаржы кеңесшісі Жанерке Тұрарбекова екінші орынға, «Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры» АҚ Павлодар облысы бойынша жетекші маманы Гүлбира Темірова үшінші орынға ие болды. 

Соңғы жаңалықтар