Павлодар облысындағы Ақтоғайда су сапасына қатысты жағдай тұрақталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Ақтоғай ауылындағы құбыр суы құрамынан қорғасын табылған жоқ. Бұл туралы Павлодар облысы тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада көрсетілген.

Естеріңізде болса, жоспарлы су сапасын бақылау барысында «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ  Павлодар облыстық филиалы РММ зертханасы 8-9 қазан күндері Ақтоғай ауылының су құбырынан алған сынамалардан қорғасын көрсеткішінің шамадан тыс көп екендігін анықтады.

«Нәтижені растау үшін су сынамалары «Қазгидромет» тәуелсіз зертханаларына және Павлодар қ. экология департаментіне,  «Павлодаргидрогеологияға» (Қарағанды қ. «Азимут Геология» ЖШС),  «Казцинк» АҚ және Өскемен қаласына, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалы РММ-на жіберілді», - деп хабарлады тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Ирина Сорокина.

Зерттеу жүргізілген уақытта Ақтоғайдағы су құбыры ажыратылып, ауыл тұрғындарына цистернамен су жеткізілді.

«Жоғарыда атап көрсетілген зертханалар су сынамаларынан шамадан тыс қорғасын тапқан жоқ, - деді И.Сорокина. - Сонымен бірге, Ертіс өзені мен жақын орналасқан елдімекендердің суына да сараптама жасалды, ондағы су көрсеткіштері де санитарлық талаптарға сай болып шықты».

Бүгінде су сапасы жағдайы тұрақталды. Ақтоғай ауылындағы су белгіленген гигиеналық нормативтерге сай және ішуге жарамды.

Ақтоғай ауылындағы құбыр суы сапасына күнделікті бақылау бекітілді.

Соңғы жаңалықтар