Оралда үш оркестр бірлесіп концерт берді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық, Дина Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ халық аспаптар және Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрлері бірлесіп «Күй дүлдүлдерінің дүбірі» атты концерт қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сахна шымылдығы облыстық қазақ драма театрының белді актері Ербол Есендосовтың орындауында Құрманғазының монологымен ашылды. Содан кейін үш оркестр бірігіп орындаған Құрманғазының «Адай» күйіне Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижеры, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, халықаралық конкурстардың лауреаты Арман Жүдебаев, Дәулеткерей атындағы оркестрдің бас дирижеры, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов, Дина атындағы оркестрдің бас дирижеры, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Бауыржан Ақтаев дирижерлық етті.

Концерт барысында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Алматы мен Атырау қалаларынан арнайы келген қос оркестр ұжымына Ақ Жайық жұртшылығы атынан алғысын айтып, олардың тәуелсіз еліміздің өнерін күллі әлемге паш етулеріне тілектестігін білдірді. Белгілі күйшілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, Айтжан Тоқтаған, дирижер, композитор Айтқали Жайымов, профессор Орынбай Дүйсенов, сондай-ақ Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов ізгі тілектерін білдірді. Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің директоры, күйші Нұрғиса Дәуешов өнерге деген құрметі үшін өңір басшысы Алтай Көлгіновке домбыра тарту етті.

Дирижерлар кезек-кезек сахнаға шығып, оркестрлерге дирижерлық жасаса, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Ермек Қазиев және басқа домбырашылардың бірін-бірі қоштай өнер көрсетулері көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Концертке сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, республикалық байқаулардың лауреаттары Айбар Қайырханов, Еркін Өтегенов сынды әншілер, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің домбырашылар ансамблі, «Назерке» және «Ақжайық» би ансамбльдері қатысып, кеш шырайын аша түсті.

«Үш оркестр осылайша алғаш рет облыс сахнасында бірлесіп өнер көрсетті. Сөйтіп олар еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Ақ Жайық жұртшылығына керемет серпіліс сыйлады. Мұның әсерлі болғаны сондай, халық орнынан тік тұрып, қошемет білдірді. Бұл - күй сияқты халқымыздың қасиетті өнерінің мәңгі өшпейтіндігінің айқын айғағы», деді ҚазАқпарат тілшісіне өзі де домбыра ұстап, күй шертетін БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Еске сала кетейік, жұма күні Орал қаласында күй алыптары Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылған болатын.










Соңғы жаңалықтар