Оралда мемлекет қайраткері Мұстақым Ықсановқа ескерткіш тақта орнатылды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Оралда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың 90 жылдығына орай еске алу шаралары өткізілді.

Алдымен облыстық мәслихат ғимаратында өңірді 1975-1986 жылдары басқарған Мұстақым Ықсановтың құрметіне ескерткіш тақта орнатылды. Оны облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қайраткердің қызы, Мәжіліс депутаты Гүлнәр Ықсанова ашты. Содан кейін мерейтойға қатысушылар М.Ықсанов атындағы №36 орта мектепте орналасқан мұражайда болып, құнды жәдігерлерді тамашалады.

null  

Облыстық қазақ драма театрында «Ұрпақ ұлыларды ұмытпайды» деген тақырыпта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға бірқатар Парламент депутаттары, сондай-ақ Астана, Алматы қалаларынан, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарынан келген құрметті меймандар қатысты. Жиынға келген қайраткердің тұстастары, шәкірттері оның адами қасиеттері мен елі үшін атқарған ұланғайыр істері жөнінде әңгімеледі.

null  

1926 жылы Жәнібек ауданы Борсы ауылында дүниеге келген Мұстақым Біләлұлы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының гидротехника факультетін бітіргеннен кейін Алматыда еңбек жолын бастады. Жетісай құрылыс басқармасының прорабы, өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, бас инженері, басқарма бастығы, 1958-1961 жылдары Қазақтың Бетпақдала ирригация құрылысы тресінің бастығы, 1961-1962 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Ильичев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейіннен осы облыстың өлкелік су шаруашылығы басқармасының бастығы болды. Қызмет баспалдағымен осылайша өрлеген М.Ықсанов 1963-1971 жылдары Қызылорда, Жамбыл облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, 1971-1975 жылдары Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1975 жылы Мұстақым Ықсановқа үлкен сенім артылып, өзінің туған өлкесі - Батыс Қазақстан облысын басқаруға жіберілді. Бұл қызметті тура он бір жыл бойы абыроймен атқарған ол соңына жарқын із қалдырды. Мемлекет қайраткері Оралда көптеген еңселі құрылыс орындарын салғызып, оны әдемі де сәулетті қалаға айналдырды. Сонымен қатар еліміздегі ірі су шаруашылығы құрылымдарының, Алматы қаласындағы ірі нысандардың да бой көтеруіне өз үлесін қосты.

null  

Мерейтойлық шаралар Жәнібек ауданында жалғасын табады. Мұнда Жәнібек колледжіне М.Ықсановтың есімі беріліп, кеудемүсіні ашылады, басқа да мәдени-спорттық шараларға кезек тиеді.

null null null null null 

Соңғы жаңалықтар