Оралда Иран-Ғайыптың республикалық театрлар фестивалі мәреге жетті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - 27 қазан күні Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Иран-Ғайыптың өнер кешінде алдымен ақынның өзі өлеңдерін оқып, осындай театр фестивалін ұйымдастырып, оған қолдау көрсеткен Батыс Қазақстан облысы басшылығына, Ақ Жайық жұртшылығына алғысын білдірді. Кеш барысында Алматыдан арнайы келген саксофоншылар, ақын-драматургтің ұлы Жайыншаһ пен оның ұстазы Константин Добровольский, қарындасы Рая Оразбаева мен жиені, белгілі эстрада әншісі, «Түрквижн-2014» халықаралық фестивалінің жеңімпазы Жанар Дұғалова, сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының әртістері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, театр директоры Қуаныш Амандықов өз өнерлерін көрсетті.

«Менің театрмен біте-қайнасып кеткеніме жиырма жылдан асты. Қазіргі бар жұбаныш-қуанышым театр десе де болады. Оралда алты күннің ішінде он туындым қойылып, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығармашылығымның бір кезеңіне есеп бергендей болдым. Сол үшін осы фестивальге қатысқан барлық театрға, бізді құшақ жайып, қарсылаған Ақ Жайық еліне ризамын», деді Иран-Ғайып. 

Кеш соңында облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Иран-Ғайып бастаған фестиваль қонақтарына, қатысушыларға алғысын білдірді.

Қазылар алқасының шешімінен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры сахналаған «Мәңгілік елдің алтын адамы» спектаклі «Ең үздік қойылым» деп танылды. Оның режиссері, белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов «Үздік режиссура» аталымын иеленді. Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Қаймақбаева «Фатима» спектакліндегі Фатима, батысқазақстандық театрдан Нұрлыгүл Жұбатова «Мәңгілік елдің алтын адамындағы» Қазына рөлі үшін «Үздік әйел бейнесі», Абай атындағы Семей мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрының актері Бауыржан Төлеков «Адасқан бақ құсындағы» Керікеткенді шебер сомдағаны үшін «Үздік ер адам бейнесі» аталымымен марапатталды. Оған қоса бір топ театр режиссер-актерлері «Тәуелсіздікке тағзым», «Мәңгілік ел» аталымдары бойынша аталып өтілді. Олардың ішінде БҚО театрының бас режиссері Мұқанғали Томанов, белді актерлері Сердеш Қажымұратов, Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов, суретшісі Қайыр Оразғалиев бар.

null null  

Соңғы жаңалықтар