Оралда әнші-ұстаз Баян Қабиеваның шығармашылық кеші өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі сазгер, әнші-термеші, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазталов ауданының құрметті азаматы Баян Қабиеваның «Тұлғасы өр, еңбегі көл - Ақбаян...» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еңбектегі және өнердегі жолын Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында бастаған Баян Қабиева осы жерден табан аудармай еліне қызмет етіп келеді. Атақты әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәріс алып, білгенін кейінгі ұрпаққа үйретуден жалықпаған оның алдынан қанша шәкірт тәрбиеленіп, өнер биігіне қанат қақты десеңізші. Солардың бір тобы осы кешке арнайы келіп, ұстаз мерейін үстем етті. Жалпақталда өзі жетекшілік ететін «Шапағат» әжелер ансамблі, халықтық отбасылық ансамблі және өнерлі бүлдіршіндерден құралған, Қазақстан көлемінде ғана емес, шет елдерге де шығып, жүлде алып жүрген «Қыз Жібек» балалар термешілер ансамблі халық әндерінен бастап Баян Құбайқызының туындыларына дейін орындап, сахна шырайын ашты. Баянның өзі баянмен сүйемелдеп, кезегі келгенде, ән де салды.

Әнші-сазгерді өнердегі құрбысы, ақын-ұстаз Дариға Мұштанова, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, облыстық халық шығармашылығы орталығы, Жалпақтал өнер мектебінің өкілдері құттықтап, шынайы лебіздерін білдірді.

Бір айта кетерлігі, Баян Құбайқызы өз балаларын да өнерлі етіп тәрбиелей білді.

«Анамызды қуантайық деп, өзіне айтпай, алыс-жақыннан жиналдық. Бес бірдей перзентін бағып-қағып өсіріп, өнерін де өлтірмеген анамызға алғысымыз шексіз. Оған әрдайым басымызды иіп, ұрпағымызға да үнемі айтып, үлгі тұтып отырамыз», деді Астанадан арнайы келген қызы, белгілі айтыскер ақын Жібек Болтанова.

Баян Қабиеваның «Бақытты жан екенмін» атты әнімен мәреге жеткен шырайлы шара әнші-ұстаздың шын мәнінде бақытты екендігін паш еткендей болды.

«Тәуелсіз Қазақ елінде өмір сүріп жатқанымыз үшін біз бақыттымыз. Ұстаздық еңбегім мен өнерімді алдағы уақытта да халқыма арнай беретін боламын», деді ҚазАқпарат тілшісіне Баян Қабиева.

null null null null null 2 

Соңғы жаңалықтар