Оралда әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтың 70 жылдығы аталып өтті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде бүгін елге танымал әдебиетші-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасовтың (1946-2016) 70 жылдығына орай «Ұмытылмас есім: ұстаз, ғалым, тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

null
Мерейтойлық шара барысында профессор С.Шарабасов атындағы дәрісхана ашылып, қос томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.

Жиында БҚМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы Әсет Тасмағамбетов Серікқали Шарабасовтың сонау ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шенінен бастап биыл көзі жұмылғанға дейін осы қара шаңырақта ұстаздық етіп, көптеген шәкірттер тәрбиелегенін атап өтті.

Ғылыми ортадағы өзіндік орны, облыс көлеміндегі шараларға белсенді қатысатын қайраткерлігі өз алдына, ол студенттері үшін барын да, жанын да аямайтын. Олардың жан-жақты білімді, өткір де терең сөйлей алатын білікті маман, өз Отанын сүйіп, адами қасиеттерді биік қоятын азамат болып қалыптасуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

null  

Өзі Зейнолла Қабдоловтай ұлы ұстаз, академик-жазушының шәкірті болса, «Серікқали Шарабасовтың шекпенінен шықтық», деп оны ұстаз тұтып, мақтан ететін университет түлектері бүгінгі таңда еліміздің әр қиырында еңбек етуде.
«Қазақтың аға жазушыларының бірі Ғабиден Мұстафиннің айтқанындай, адамға ерлік жасаймын деп ұмтылудың қажеті жоқ. Адам өзінің о бастағы адалдығын, таза да пәк қалпын сақтай алса, өтірікшіге, өсекшіге ермесе, ешкімге қиянат келтірмесе, сол ерлік.

Яғни өзінің табиғатына сай өзгермей қалса, сол ерлікпен барабар. Міне, Серікқали Шарабасов та сол таза қалпында өтті. Ұстаздық мамандығына шаң жұқтырған жоқ, кір келтірген жоқ. Докторлық білімі болса да, соны қорғамағанмен, ешкімнен кем болған жоқ. Талай доктор атанғандар Серікқали Шарабасовтың әдебиет әлемінде жасап кеткен шаруасын тындыра алған жоқ.

«Жайықта Шарабасов біреу ғана!» деп ақын жырлағанындай, дара қалпында қалды», деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева.

Конференцияда Алматыдан келген филология ғылымдарының докторлары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры Зинол-Ғабден Бисенғали, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институты лексикология бөлімінің меңгерушісі Жамал Манкеева, сондай-ақ батысқазақстандық ғалымдар Абат Қыдыршаев, Мұрат Сабыр, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Роза Исатаева, ақын-журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин Серікқали Ғабдешұлының көркем әңгімелерді зерттеудегі жанкешті еңбегі, ұстаздығы, қара сөзге шеберлігі, жазушылығы, яғни сан қыры жөнінде баяндама жасады.

БҚО-ның Жаңақала ауданынан түлеп ұшып, Орал педагогикалық институтын бітіргеннен кейін облыстық «Орал өңірі» газетінде еңбек жолын бастап, содан кейін ғылым мен ұстаздық жолына біржола ауысқан Серікқали Шарабасовтың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

null  

Соңғы жаңалықтар