Өміршең бағдар өлшемдері - Ұлт Жоспары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы 5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелеріне қатысты бірқатар міндет жүктегені мәлім.

Сондықтан 80-қадамға сәйкес «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жұмысы Жетісу жерінде жүйелі түрде жүргізілуде, дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетіндегі "Өміршең бағдар өлшемдері" деген мақалада жан-жақты айтылады.

Бұл ретте бәсекеге қабілеттілік шеңберінде және сапалы медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру, қолжетімділікті арттыру мақсатында жекеменшік медициналық мекемелерге де мемлекеттік тапсырыс бөлініп отырғанын айтуға болады. Нақтылай түссек, былтырғы жылы 379,1 млн теңге болса, ал биыл 676,2 млн теңгені құрады.

Талдықорғандағы қалалық емхана базасында бірыңғай Call-орталық құрылып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 9,7 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 60 меди­циналық мекеме бірыңғай Call-орталыққа қосылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік шеңберінде денсаулық сақтау саласында концессиялық жо­балар бойынша Қарасай ауда­нының Қаскелең қаласында бір кезекте 500 адамды қабылдауға ар­налған аймақтық емхананың құры­лысы 3105,333 млрд теңгеге, соны­мен қатар 2394,909 млрд тең­геге Талдықорған қаласында бір кезекте 500 адамды қабылдауға ар­налған аймақтық емхана құры­лысының жобалары бар.

Жалпы Талдықорғанда 300 төсектік көпсалалы клиникалық ауру­хана ашылды. Бұл тек Талды­қорған қаласының тұрғындарына ғана емес, облыс халқына зама­науи үлгіде салынған, медициналық құрал-жабдықтармен жабдық­тал­ған ауруханада емделуге мүм­кіндік туады деген сөз. Енді облыс орталығындағы ауруханалар мен емханалар 3 ауруханалық қалашыққа айналмақ. Бұл жұмысқа жал­пы сомасы 921,9 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-мон­таждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Білім беру саласына келсек, үш тілде оқытуды нөлден бастаймыз деп айтуға болмайды. Себебі, облыста үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған 5 білім беру мекемесінде бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасқан. Осы мек­тептерде жаратылыстану-мате­ма­тикалық бағыттағы пәндер, яғни биология, геогра­фия, информати­ка, химия, мате­­матика пәндері бойын­ша 91 сы­нып­тағы 1621 оқушыға ағыл­шын тілін­де жүргізіледі. Со­ны­мен қатар, 10-11 сыныптарда биология, химия, физика, инфор­мати­ка пәндерін ағылшын тілінде оқыту Жамбыл, Қарасай ауданда­ры мен Талдықорған, Қапша­ғай қалаларында жақсы жолға қойыл­ған. Жаратылыстану-матема­ти­калық бағыттағы 23 гимназия мен 2 лицейде жекелеген пәндерді үш тілде оқыту жалғасуда.

Назарбаев зияткерлік мек­тебі тәжірибесі негізінде жұмыс жүр­гізу үшін іріктеліп алынған білім беру ұйымдарында жара­ты­лыстану-математикалық ба­ғыт­тағы жекелеген пәндерді үш тіл­де оқытуды енгізу жұмыстары атқарылуда. Үш тілде білім берудің артықшылығын, туғызатын зор мүмкіншіліктерін ата-аналар, жалпы қоғам түсінуі тиіс. Сондықтан оны ілгерілету мақсатында ата-аналар комитетімен бірлесіп барлық аудан, қалалардағы білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 12 жылдық білім беруге кезең-ке­зең­мен көшу аясындағы білім стан­дарты бойынша республикада эксперименттік алаңға енгізілген 30 мектептің екеуі біздің облыста бар. Осы бағытта Талдықорған қа­ла­сындағы Ш.Уәлиханов атын­дағы мектеп-гимназияда және Пан­­филов ауданындағы Хамраев атын­­дағы орта мектепте жаңа білім беру стандарты апробациядан өтті.

«Балапан» бағдарламасын жү­зе­ге асыруда өңірде мемлекеттік-же­кеменшік әріптестік тәсілін қол­дану арқылы ірі кәсіпкерлерді тарту жолға қойылған. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттік-жеке­ме­н­шік әріптестік негізінде 227 мекеме жұмыс істесе, бұл жалпы балабақша санының 56,4 пайызын құрайды. Биылғы жылы мемлекеттік жеке­меншік әріптестік бойынша Іле, Талғар, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласында бала­бақ­шалар құрылысы қарқынды жүруде. Сөйтіп бүгінгі күні 837 мек­тепке дейінгі білім мекеме­сінде, яғни балабақшалар мен ша­ғын орталықтарда 60,1 мың бала тәрбиеленіп, облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 79 пайызды құрап отыр. Білім бе­ру саласында 51 үш ауысымда оқы­ту мен 1 апатты жағдайдағы мек­теп­тердің түйінін тарқату мақса­тында 43 мектеп салу қажет­тілігі анықталып, 2015-2017 жыл­дарға нақты жоспар жасалды. Бұл мәселені Ұлттық қор мен жергілікті бюджет есебінен 2017 жылы толық шешетін боламыз. Бүгінгі күні облыс аумағында 38 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Заман ағымына ілесе алмай, маргиналды топтарды құрайтын жас­тар да жетерлік. Оған қоғам ғана емес ата-аналар да кінәлі болар. Қазіргі жастар тым компьютербас­ты, тым виртуалды кеңістікшіл, соның салдарынан олар нақты өмірге бейімделе алмай өсіп келе­ді. Біз осы жастарды шынайы эко­номикалық және қоғамдық өмірге тартуымыз керек.Сонда ғана олардың қауіпті жолға түсіп, ради­калды идеялардың жетегінде кетуіне тосқауыл қоя аламыз. Бұл ретте діни сауаттылығын арттыру және радикалды бағытқа қарсы насихат жүргізу мақсатында жұмыс істейтін ақпараттық-түсіндіру топтары өз аудиторияларында әртүрлі топтағы тұрғындармен қатар жас­тарды да молынан қамтуда.

Жетісу жерінде жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Об­лыс әкімі Амандық Баталовтың баста­ма­сымен республика бойынша ең алғашқы жастарға қызмет көрсе­ту орталығы Талдықор­ған­да ашылды. Аталған ғимаратта қоғамдық қабылдау, салтанат залы, галерея, би сту­диясы, интернет-кітапхана, акт залы, баспасөз, коворкинг, денсаулық сақтау, психологиялық, заңгерлік және жас кәсіпкерлерге көмек көр­сету орталықтары орналасқан. Біз жастардың өзекті мәселелерін шеше отырып, оларды рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеуді де ұмытпауымыз керек. Ел жас­тарына өздерінің бос уақытын ұйымдастыру мүмкіндігі беріле отырып, кәсіби дағдыларын және шығармашылық әлеуеттерін дамытуға күш салмақпыз. Жас­тар­мен жұмыс оларды тек нау­қан­­­дық шара­ларға, мәдени-көп­шілік істерге ғана тартумен шек­тел­мейді. Ең негізгісі - оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі болып табылады. Кәсіптік және қайта даярлықтан өткен, білік­ті­лігін көтерген жастар арасында жұмыспен қамтылғандар саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша «Жастар практикасына» 857 жас маман тартылып, жұмыспен қамту шараларымен жастар арасынан 9 мыңға жуық адам қамтылса, олардың 6 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 300-ге тарта адам, қоғамдық жұмыстарға бір мың­нан астам адам жіберілді. Бұл жас­тардың уақытша жұмыс істеуі­не және тәжірибе жинауына мүм­кіндік туғызады. Жыл басы­н­ан бері жұмысқа орналасу мүм­кін­дігін арттыру үшін кәсіби дайын­дауға жастар арасынан 597 жұмыссыз адам жіберілді.

«Жасыл ел» мен студенттік құрылыс отряды да жастарды еңбекке тәрбиелеуде зор үлес қосып отыр. «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» бағдарлама­сы­ның II бағыты бойынша өз ісін ашу үшін жастар қатарынан 111 адамға несие беріліп, олар бүгінде жас кәсіпкерлер қатарын толық­тырып, өз бизнестерін сәтті жүргізе бастады. Алдағы уақытта да өзінің денсаулығын шы­нық­тыруға, дүниетанымын байытуға, шығармашылық тұрғыдан жетілуі­не жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген жастардың қатарын арттыруға күш саламыз.

Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы бес институттық рефор­маның жүзеге асырылуы жайлы кі­тап­ханаларда ақпараттық-кітапханалық қызмет түрлерін жетілдіру қолға алынды. Бұл іске облыстағы музейлер де атсалысуда. «Менің елім» ұлттық жобасы аясында мәдени ошақтарда интернет-жоба енгізіліп, кітапханаларда онлайн-семинарлар өткізу жолға қойылды. «Ұлы Жібек жолымен» деген тақырыптық бағдарлама дайындалып, брендтік кәдесыйлар шығарылуда.

«Мәңгілік Ел» - өзіміз сөз етіп отырған «100 нақты қадамның» идеялық негізі. Қазақстан­ның алдағы тағдыры мен өскелең ұр­пақтың жарқын болашағы үшін бұл өміршең бағдардың, өлшеусіз құндылықтардың рөлі зор. Қай салада болсын нақты және нық жасалған барлық қадамдарымыз Мәңгілік Ел болуға жасалған қадамдар деп білеміз.

Соңғы жаңалықтар