ОҚО: Ташкент тас жолында өз тойына асыққан жас жұбайлар жол апатынан ажал құшты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент пен Ташкент арасын жалғайтын трассада соңғы бес күнде үшінші рет ірі жол апаты орын алды, - деп жазады Otyrar.kz.

«Ташкент-Алматы-Термез» тас жолының бойында «Ақжол» дәмханасына жақын маңда Mercedes-Benz көлігі жол бойында тұрған Газель жүк көлігіне соқтығысқан. Оқиға салдарынан жеңіл көлікте болған үш адам қайтыс болды.

Куәгерлердің айтуынша, Mercedes-Benz жоғары жылдамдықта жүйіткіп келіп, жүргізушісі көлікті игере алмай қалған. Салдарынан жол жиегінде тоқтап тұрған Газельге барып соғылған.

Соққының қатты болғаны сонша, жеңіл көлік адам танымастай болып мыжылып қалған. Салонда болған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізушіні жедел жәрдем көлігі ауруханаға алып кеткен. Алайда, ол да алған дене жарақаттары салдарынан жолда қайтыс болды.

Оқиға болған сәтте Газельде адам болмаған. Оның жүргізушісі тамақтанып алу үшін дәмханаға кіріп кетіпті.

Белгілі болғандай, Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі бүгін үйленуі тиіс болған. Көлікте қайтыс болған жолаушылардың бірі оның болашақ жары екен. Олар өз тойларына асыққан көрінеді.

Естеріңізге салайық, 19 қыркүйек күні кешкі сағат 18-00 шамасында Алматы-Ташкент-Термез тасжолында «Форд» шағын автобусы мен «Тойота» жеңіл көлігі соқтығысып, Фордтың 56 жастағы жүргізушісі және шағын автобуста отырған 51, 46 және 45 жастағы жолаушылар, «Тойота» көлігінің 29 жастағы жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Оқиға орнында ажал құшқан 5 адамның төртеуі ер адам, ал біреуі - әйел.  Бұған қоса 16 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Шымкенттегі ауруханаға жеткізілген. Олардың бірі - 3 жасар қыз бала есін жимаған күйі қайтыс болған еді.

Сондай-ақ, 21 қыркүйек күні Шымкент-Ташкент тасжолындағы Қазығұрт асуына жақын жерде Фольксваген Джетта және Киа шағын автобусы соғысып қалған еді. Соның салдарынан екі адам мерт болып, алтауы жараланған болатын. 

Соңғы жаңалықтар