ОҚО: Отырар ауданында «Батагөй қария» байқауы өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, батагөй қариялар байқауға түсті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазыналы қарттар баталы сөзі мен дуалы әңгімесін айтып, жастарға тағылым түйгізді. Шараның негізгі мақсаты да сол  қарттардың қоғамдағы қадірін арттырып, жастарды үлкенді құрметтеуге үйрету. Өнегелі жиыннан тілші әңгімесі. Қарты бар ел  қазыналы. Ардагерін ардақтаған ұлт ұлы мұратына жетеді. Осылай деген отырарлықтар ақылы теңіз, дария ақсақалдарының өнегелі тәрбиесі мен ұлағатты сөзінен нәр алды.

Азаттықты дәріптеп, тағылымды танытқан шараға 13 қария қатысты. Бәрі де әр ауылдың ардақ тұтар азаматтары. Енді міне, олар барша аудан жастарын үлгілі іске насихаттап отыр. Қазақтың байырғы заманнан қалыптасқан салты мен бүгінгі дәстүрі дәріптелген шарада бата берудің де озық үлгісі паш етілді. Қариялар амандық-саулық сұрап, аталы сөздің қадіріне жете білді. Топ жарған ақсақалдарға арнайы сыйлықтар үлестіріліп, қарттардың көңілін бір марқайтты.

Айта кетейік, айтулы шара - аудан көлемінде Тәуелсіздік тойы қарсаңында қолға алынған 303 игі істің бірі. «Батагөй қария» байқауы - дәстүрлі «Батаменен ел көгерер!» сайысының жалғасы. Дуалы ауыз ақсақалдар арқылы азаттықтың айбынын асқақтату көзделген бұл іс шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Соңғы жаңалықтар