Нұрсұлтан Ыбыраев: Елбасының есімін алып жүру - зор жауапкершілік

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Азат елдің құрдасы болу кез келген адамның пешенесіне жазыла бермеген. Бұл туралы Көкшетау қаласының тұрғыны, Тәуелсіздіктің құрдасы Нұрсұлтан Ыбыраев мәлім етті.

Бүгінгі таңда кейіпкеріміз Көкшетау қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері болып қызмет істейді. Сонау 1991 жылдың 4 шілдесінде Көкшетау қаласында Ыбыраевтар әулетінде дүниеге келген ол ата-бабалары ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікпен құрдас болғанын мақтан тұтады.

«Тарихи жылда өмірге келу әр адам үшін жаратқанның берген сыйымен пара-пар. Бүкіл елің ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізгелі тұрғанда жақсылықтың жаршысындай іңгәлап жарық дүниенің есігін ашқан сәбидің орны бөлек», - дейді Нұрсұлтан Ыбыраев.

Сонымен қатар, кейіпкеріміз өзінің туған жылымен қатар, азан шақырып қойған есімін де жақсылыққа балап отыр. Оның өзінің тарихи мәні бар.

«Еліміз тәуелсіздікке қол жеткенде қуанышы қойнына сыймаған Гүлшара әжем қазақ елін басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевқа ұқсаған азамат болсын деген ниетпен есімімді Нұрсұлтан қойыпты» деп кейіпкеріміз сөзін одан әрі жалғастырды. - Мектеп бітірген соң Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне оқуға түстім. Онда оқып жүріп, сол оқу орнының түрлі іс-шараларына белсене қатыстым, бүгінде «Нұр Отан» партиясының -«Жас Отан» жастар қанатының мүшесімін, Көкшетау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығының қоғаммен байланыс бойынша менеджері әрі баспасөз қызметкері болып жұмыс істеймін. Менің атымды Нұрсұлтан деп қойған әжеме алғысым шексіз. Ел басқарып жүрген адамның есімін алып жүру бір жағынан мақтаныш, бір жағынан зор жауапкершілік.

Тіпті, дос-жарандарым кей кезде «О-о-о, біздің президент мырза келе жатыр» деп әзілдейтінді бар. Оған мен қуанбасам, еш ренжімеймін. Азат елдің құрдасы әрі Нұрсұлтаны болу кез келген адамның пешенесіне жазыла бермеген бақыт».

Соңғы жаңалықтар